09 Шілде, 2019

Атыраулықтар Нұрсұлтан шыңын бағындырды

Биыл да дәстүрлі "Нұрсұлтан шыңы-2019" альпиниадасы өтті. Оған Атырау облыстық "Нұр Отан" партиясының ұйымдастыруымен арнайы команда жіберілген болатын. "Алматы спорты" әлеуметтік жобасының  аясында өткен шарада команда діттеген шыңға көтеріліп, 4 мың метрден астам биіктікті бағындырды

Команда жетекшісі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Рафаэль Хабировтың айтуынша, қорқыныш болғанымен, шыңды бағындыруға аттанғандар ешбір қиындыққа қарамай, мақсаттарына жеткен.

 - Бір күн бұрын Медеу шатқалына көтеріліп, дайындықтан өтіп, сол маңда шатыр тігіп дем алдық. Ертесіне таңғы бесте жолға шығып, тастан-тасқа өрмелеп, қармен алысып, бес сағаттан астам жүріп жеттік. Шыңға көтерілгенде ауа райы бұзылып, бұршақ аралас қар жауды. Орта жолда жаңбырға да тап болдық. Қорқыныш та жоқ емес. Дегенмен, бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Нағыз шыдамдылықтың сыналар сәті,- дейді ол.

Айта кетейік, жыл өткен сайын альпиниадаға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Шыңға көтерілгендерге Алматы қаласы спорт басқармасының арнайы сертификаты табыс етілді. 


Мақсат Қуанышев

Фото: Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда