05 Шілде, 2019

Атыраулық тұрғын 20 жыл отасқан әйелін үйінен қуып шықты

Атырау тұрғыны өз әйелін сәбиімен бірге үйден қуып шыққан.

20 жылға уақыт бір шаңырақ астында өмір сүрген Алмагүл жұбайының мұндай әрекетін түсіне алар емес, деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Енем қайтыс болғанша тыныш өмір сүрдік. Одан кейін жалғыз ұлымыздан айырылып қалдық. Жолдасым араққа салына бастады. Мен бесінші сәбиді дүниеге әкелдім. Дүниеге келген сәбидің қыз екенін білген жолдасым мені үйге кіргізбеді. Үлкен қыздарымды көруге мүмкіндік болмады. Себебі, оларды өзіммен бірге алып кету үшін тұрғын үйім жоқ. Өзімнің анам көрші облыста тұрады, жағдайымды айтып, көңіл күйін түсіргім келмейді. Атыраудан тұрақты жұмыс тапқым келгенмен, баламды қарайтын адам жоқ, оның үстіне пәтер жалдауға да қаражатым жетпейді», - деп көмек сұраған ана полицейлерге мұңын айтты.

Полиция подполковнигі Б.Төлегенова әйелге құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, инспектор Самал Супалиева балалы ананы Алмагүл ықшам ауданындағы дағдарыс орталығына орналастыру үшін құжаттарды толтырған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дағдарыс орталығының мамандары полицейлермен бірлесіп неке куәлігін қайта жасап, содан  кейін баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге кіріседі.

Дағдарыс орталығында әйел адам баласымен бірге 6 ай тегін тұра алады, осы уақыт ішінде аяққа тұрып, тұрақты жұмыс табуына мол мүмкіндік бар.

«Баламда «рахит» ауруы диагнозының алғашқы белгілері бар, оның емдеп, алдағы уақытта қалған қыздарыммен де қауышатын боламын», - дейді дағдарыс орталығына орналасқан Алмагүл.

Полиция департаментімен меморандумға келіскен азаматтық бірлестіктер қазіргі уақытта Алмагүлге қамқорлық танытуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, киім кешек және тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етуде.

Айта кетейік, Атырауда жартыжылдың  ішінде полициядан  400 –ден астам әйел көмек сұраған.  Оның ішінде 16 әйел мен 31 кәмелет жасқа толмаған балалары жан-жақты қамқорлық көрсететін мемлекеттік мекемеге орналастырылды.

ATpress.kz

Сурет Полиция департаментінен алынды


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда