02 Шілде, 2019

Атыраулық полицейлер Жайық өзенінен қызды құтқарып алды

Оқиға куәгерлері көрсеткен тұсқа келген полицейлер өзеннің ортасына қарай кетіп бара жатқан қыз баланы байқаған.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 шілде күні сағат 23.00 шамасында жаяу патруль қызметкерлері, полиция лейтенанты Абенов Нұржан мен полиция сержанты Алтынбекұлы Ілияс қызмет атқару кезінде Жайық өзенінде бір қыздың тұрғаны жөнінде хабарлама алады.

«Қыз баланы алаңдатып сұрақ қойдық. Алайда, ол бізге мән берместен судың ортасына қарай жылжып бара жатты.  Осы кезде уақыт оздырмау қажет екенін түсіндік. Әріптесім Алтынбекұлы Ілияс жедел әрекет етіп, қызды судан шығарып алды», - дейді Атырау қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызмет инспекторы Абенов Нұржан.

Құтқарылған азаматшаның күйзеліс күйінде тұрғаны белгілі болды. Жағдайды анықтап, психологиялық қызмет көрсету үшін қалалық полиция басқармасына жеткізілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін атыраулық полицейлердің жедел әрекетінің арқасында бірнеше рет суицид жағдайының алдын алған болатын.

ATpress.kz

Сурет Полиция департаментінен алынды

 


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Жайық #қыз #суицид #полиция