26 Маусым, 2019 525

Атыраудың «Өнер барысы» анықталды

Кеше Нұрсая спорт кешенінде қазақ күресінен Атырау облысының «Өнер барысы» анықталды.

Қызылқоға ауданының өнерпаздары мен облыстық «Тарлан» қазақ күресі федерациясы ұйымдастырған шараға 50 қатысушы тіркелді. Олар 75 келіге дейін және ауыр салмақта өзара мықтыны анықтады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, дүбірлі додаға танымал шығармашылық тұлғалар, әншілер мен асабалар, кәсіби музыканттар мен әртістер бас жүлдені сарапқа салды. 

Жарыс қазақ күресінен бекітілген ережелерге сәйкес өткізіліп, облыстағы жоғары дәрежелі төрешілер бағасын берді. Білекті палуандар күресін тамашалауға жиналғандардың қарасы көп болды.

Жарыстың басты мақсатыұлттық спорт түрі қазақ күресін дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Жеңіл салмақтағы палуандар арасында өнер ұжымынан Нұрғали Бекежанов үздік атанды. Оған «Өнер барысы» белдігі табыс етілді. Екінші орынды Атыраудан Данияр Мухаметов, үшінші орынды мақаттық Ислам Утиев алды.

Ал 75 келіден жоғары салмақта жылыойлық Қайыржан Сансызбайдың мерейі үстем болды. Екінші орынды махамбеттік Руслан Сұлтанов, үшінші орынды индерлік Арман Төлегенов өзара бөлісті.

Сондай-ақ, палуандар «Үздік теxника үшін», «Жеңіске деген жігер үшін», «Көрермендер көзайымы» секілді номинациялар бойынша марапатталды. Одан өзге орын алған барлық қатысушыға қаржылай сыйлық берілді.

ATpress.kz

Сурет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен алынды



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #өнер #барыс #палуан #әртіс #спорт #күрес #