10 Маусым, 2019

Қазақ батырларын еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті

Бокстан ерлер арасында өткен халықаралық турнирден атыраулық 3 боксшы алтын медальға жəне 1 боксшы қола медальға қол жеткізді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда қазақ халқының батырлары И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлының рухтарына арналған бокстан ерлер арасында халықаралық турнир мәресіне жетті. Өңірімізде 11-ші рет өткізілген бұл сайысқа Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, елдерінен және еліміздің 11 өңірінен 100-ге жуық былғары қолғап шеберлері бақ сынасты.

Бес күнге созылған бокс турнирінің қорытындысы бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы 9 алтын және Тәжікстан құрамасы 1 алтынға ие болды. Ал, Қазақстан ұлттық құрамасындағы 9 алтынның 3-еуін атыраулық боксшылар: 49 келіде Фарзалиев Садай, 52 келіде Байниязов Олжас және 75 келіде Райс Нұрқанат еншіледі. Сондай-ақ, 64 келіде Рахметолла Еламан қола жүлдегер атанды.

«Қанша жылдар мен ғасырлар өтсе де, қазақ батырларының ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны анық. Әлемге қазақ ұлтын танытып, насихаттауда бұл турнирдің маңызы зор. Болашақ ұрпаққа күш берер осындай турнирлерді өткізуді басты мақсат қылып отырмыз», — дейді Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.

Жарыстың жабылу салтанатында халық батырлары туралы театрландырылған көріністер қойылып, Махамбет бабамыздың жырлары оқылды.

Айта кетейік, осы бокстан ерлер арасында өткен халықаралық турнирден Қазақстан ұлттық құрамасы 9 алтын,7 күміс жəне 10 қола медальға қол жеткізді.

 

ATpress.kz

Сурет: ӨКҚ


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #бокс #батыр #турнир #жарыс #Махамбет #Исатай