10 Маусым, 2019

«Жасыл ел» іске кірісті

Атырау облысында «Жасыл ел» жасағының 600-ден астам мүшесі еңбек маусымына кірісті.

«Жасыл ел» еңбек жасағының басшысы Абылай Құрметұлының айтуынша, облыс бойынша 652 белсенді жас жазғы каникулдарын құр өткізбей, еңбектенуге тілек білдірді. 

Осы жылы жобаға 16 мен 29 жас аралығындағы 2200 адамды тарту жоспарланып отыр. Олардың мың жарымнан астамы – ауыл тұрғындары. Қазіргі кезде жастар елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, жасыл желектерге күтім жасау жұмыстарымен шұғылдануда, құрылыс жұмыстарында, басқа да салаларда қызмет етуде. Атырау қаласында жасақтың мүшелері Балықшыда, Алмагүл ықшамауданында, Вокзал маңы аумағындағы Арбатта, Ретро –саябақта жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, Авангард ықшамауданындағы тұрғын үй құрылысына атсалысуда.

- Жеті адам тұрғын үй салуға көмектесуде. Бұл студенттер мен жоғары класс оқушыларына жазғы каникул кезінде табыс табуға жақсы мүмкіндік береді. Олардың қолдарына таза алатын айлық жалақылары 48 мың теңге. Алайда, құрылыста және ретропаркте жұмыс істеп жатқандар бұған қосымша 10 мың теңге алады, оны жұмыс берушілер төлейді, - деп хабарлады А.Құрметұлы. 

Еске сала кетейік, жаз мезгілінде табыс тауып, әрі қоғамға пайда тигізем дейтіндер болса, олар жастар ресурстық орталықтарына хабарласа алады. Бұндай орталықтар әр ауданда бар, ал Атырау қаласындағы мекенжайы: «Нұрсая» ықшамауданы, 28 үй.

 

ATpress.kz

Cурет: ӨКҚ


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Жасыл ел #сарбаздар #ағаш #еңбек