09 Маусым, 2019

Атырауда Қыз Жібек пен Төлеген сайлауда дауыс берді

М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының 15 əртісі сайлауда өздерінің дауыстарын беру үшін сахналық тарихи киімдерін киіп келді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

APEC жоғары колледжінде орналасқан #90 сайлау учаскесінде ерекше дауыс беру болды.

- Біздің театр ұжымы сайлауға шығармашылық бағытта қарауды ұйғарды. Біз саяси партияларға бағынышты емеспіз, біз тек бұл сайлаудың маңыздылығын көрсеткіміз келді. Біздің ата-бабаларымыз қазақ мемлекетін құруда көптеген күрестерді басынан өткізді. Ұрпақтары ретінде осыны бағалай білуіміз керек. Осы сайлауға қатыса отырып, Отанымыздың қалыптасуына өз үлесімізді қосамыз деп сенеміз, - дейді театр режиссері Жанат Телтаев.

Сайлау учаскесінде театр əртістері 15 минуттай болып, «Қыз Жібек» қойылымынан əндерді орындады. 

- Барлық ұжым дауыс бермеді. Тек қана сол учаскеде тіркелген əртістер дауыс берді. Солардың арасындағы театр актері Нұрбек Сезхан Төлеген образында болды. Қалған əртістер өздерінің тіркелген учаскелерінде дауыстарын берді, - дейді Жанат Телтаев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Атырау облысында дауыс беру тізіміне 409 679 сайлаушылар енгізілген. Сайлау комиссияларының жалпы саны 271 құрайды, оның ішінде 262-і учаскелік және 9-ы аумақтық (облыстық, қалалық және 7 аудандық).


ATpress.kz

Сурет: ӨКҚ




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда