09 Маусым, 2019

Ноғаев Президент сайлауында дауыс берді

Нұрлан Ноғаев дауыс беретін учаскесіне жергілікті уақытпен сағат 9.00-де келді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысының барлық жерінде ҚР Президенті сайлауы жалғасып жатыр. Жергілікті сағат 9.00-де Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан өз сайлау учаскесіне аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев келді. Атырау облысының әкімі өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, дұрыс таңдау жасайтындарына сенім білдірді. 

- Бүгін еліміз үшін ерекше мәні бар күн. Тұрғындар ертемен сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасап жатқандарына қуаныштымын. Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар, біз тыныштық пен келісім салтанат құрған, өз-өзін жетілдіруге барлық жағдай жасалған бейбіт елде өмір сүргіміз келеді. Біз бүгін еліміздің болашағын бірге таңдаймыз, - деді сайлаушыларға Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Атырау облысы әкімімен бірге сайлауға өңірдің ең егде жастағы тұрғыны Балзиба Мәжитова келді. 101 жастағы қария сайлау учаскесіне туыстарымен келген. 

- Ел Президентінің сайлауына бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Жасыма қарамастан сайлау учаскесіне өзім келдім. Қазақстанда ұзақ өмір сүретін адамдар жыл санап көбейе берсін, еліміз дамып, өркендей берсін деген тілектемін, - деді Балзиба әже.

Атырау облысында дауыс беретіндер тізімінде 409 679 сайлаушы бар. Сайлау комиссияларының жалпы саны - 271, оның 262-сі учаскелік, 9 аумақтық (облыстық, қалалық және 7 аудандық). Дауыс беру 262 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. 12 сайлау учаскесіне кіру шектелген, оның 9-ы емдеу мекемелерінде, 2-еуі әскери бөлімшелерде, 1-еуі тергеу изоляторында.


ATpress.kz

Сурет: ӨКҚ


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда