23 Мамыр, 2019

Атырау соты жол ережесін өрескел бұзған азаматшаны ақтап алды

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жол ережесін өрескел бұзған Атырау қаласының тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматша 2019 жылдың 29 сәуірінде «Hyundaiaccent» маркалы көлігімен Гумаров көшесіндегі көпірден түсе бергенде екі қос ақ жолақты кесіп өтіп, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына бұрылыс жасаған.

Бірақ, сот отырысында азаматша кінәсін мойындап, өзінің әрекетін шұғыл қажеттілікке байланысты жасадым деп түсіндірді. Сол уақытта балабақша тәрбиешілері оған баласының кенеттен қызуы жоғарылап кеткенін хабарлаған. Сондықтан ана баласын ауруханаға апаруға асыққан, себебі баланың қызуы көтерілген кезде талмасы ұстап қалу қаупі болған.

Сот ізгілік танытып, құқық бұзушылық аса төтенше қажеттілік жағдайында жасалуына байланысты әкімшілік істі тоқтатып, азаматшаны әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы қаулы шығарды.

Макпал Бисембаева

Фото © trk.sud.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда