21 Мамыр, 2019

Атыраудағы дәріханалар дәрі сатпай жатыр

БАҚ арқылы хабарланбай және кім, қашан бергені белгісіз бұйрық халықты дүрліктіріп, наразылығын туғызуда,-деп хабарлайды ATPress.kz тілшісі.

Міне, бірнеше күн болды, облыс орталығындағы дәріханалар бірқатар кәдуілгі және кең қолданылатын дәрілік препараттарды сатуды тоқтатты. Бұлар – қызу көтерілгенде немесе қатты ауру қинағанда пйдаланылатын дәрілер. Фармацевтер оларға дәріқағаз талап етеді, себебі, ҚР Денсаулық министрлігінің ағымдағы жылғы 15 сәуірдегі осындай бұйрығы бар- мыс.

Шынында да, тексеру мақсатында қарапайым парацетамол сатып алмақ болған әрекетім сәтсіз аяқталды. «Енді дәріқағазсыз беруге болмайды».-деп мәлімдеді дәріхана қызметкерлері. Айта кетейік, олар өздері де ештеңе түсінбей отыр.               

-    Ал, дәріқағазсыз не алуға болады ?-деп сұрадым.

-    Белгілі бір тізім бар ғой. Бірақ, негізінен, барлығы да дәріқағазбен жіберіледі.

Қалыптасқан ахуал қала тұрғындарын да дал қылды. Олардың наразы болуы түсінікті және заңды да. Өздерінің сауалдарын «Атырау облысының әкімдігі» Telegram чат-арнасы арқылы шенеуніктерге жолдап отыр.      

«Әкемнің тісін суырған, бірақ ауруын басатын дәріге дәріқағаз бере алмады, себебі стоматология бұндай күрт өзгеріске дайын емес екен. Ешкім де бұндай заңға дайын болмаған. Қатты аурудан қиналған адам енді не істеуі керек? Неғылған бассыздық бұл?»,- деп сауал қояды қала тұрғыны.

«Түнде қажет болғанда балаларға қызу басатын дәрілерді неге еркін ала алмаймыз? Дәріқағаз алу үшін түнгі үште қай дәрігерге баруымыз керек?»,-деп сұрайды тағы бір әйел.

Бұндай түсініксіз және оқыс тыйым облыстың денсаулық сақтау мекемелерін де қапы қалдырғанға ұқсайды. Әйтпесе, бұл жөнінде өңір халқының ескертілмей қалғанын қалай түсіндіруге болады ? Ал, Telegram-дағы шағымдарға Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы әзірше мынадай жауап беріп отыр:

«Медициналық мекемелер деңгейінде мән-жай анықталуда. Бұл мәселе бойынша нақты түсінік беруге Фармация комитетінің облыстық департаменті жауапты. Қалыптасқан ахуалға қатысты жауапты тұлғалар халыққа түсінік беруі үшін брифинг өткізу қажеттігі туралы департамент басшылығына айтылды. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан осындай жағдайларды жедел қарау жұмыстары жүргізілуде. Құрамында медициналық мекемелердің директорлары бар комиссия құрылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы оларға азаматтарға қажетті дәрі-дәрмектерге дәріқағаздарды кідіртпей беруді тапсырды. Осындай  дәріқағаздардың арқасында сіздер ақысыз және ақылы дәрілерді ала аласыздар. Медициналық ұйымдар дәріқағаз беруден бас тартса, біздің Call center-ге мына телефон арқылы- 8(7122) 98-02-92» немесе 8778 007 20 21 WhatsApp нөмірі арқылы хабарласу сұралады»,- деп жазады денсаулық сақтау басқармасының өкілі.      

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы ATPress.kz редакциясына осы мәселе бойынша баспасөз конференциясын өткізу күтіліп отырғанын растады

Еске сала кетейік, кейбір дәрілердің      дәріқағазсыз жіберілмейтіні туралы ақпарат бірқатар республикалық БАҚ-да бұрнағы жылы берілген болатын. Денсаулық сақтау минстрлігіне сілтеме жасай отырып, антибиотиктер мен ауруды басатын препараттарға тыйым салынатыны айтылды. Оған себеп болған – адамдардың өзін өзі емдеуге әуес болуы. Соған байланысты, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп, 2020 жылы қабылдау жоспарланған болатын. Әдеттегідей, бұндайда АҚШ және басқа да дамыған елдердің тәжірибесіне сілтеме жасалады ғой. Алайда, ондағы денсаулық сақтау саласы мен көрсетілетін   медициналық қызмет сапасын отандық жүйемен салыстыруға болмас. Көп жағдайда, біздегі медициналық қызмет сапасына көңілі толмағандықтан азаматтар өзін  - өзі емдеумен айналысады.             

Заңнамалық актілерге өзгерістер қашан енгізілді (жалпы, енгізілді ме)? Неге халық ескертілмеді? Түн ортасында шұғыл қажет болғанда ауру адам немесе ауырған баланың ата- анасы дәріқағазды қайдан алады ? «Тыйым салынған» препараттардың тізімі қандай ? Жалпы, бұл тыйым бүкіл Қазақстанға қатысты ма әлде тек Атырау облысында қолданылып отыр ма ?

Болады деп айтылған баспасөз конференциясында осы сауалдарға жауап күтеміз.

Әзірше, бас – аяғы жоқ өзгеріс емханаларда дәріқағазға шерет туындатып, түнде «жедел жәрдемді» шақыру көбеюі ықтимал.  

Лев Гузиков

Фото автордың архивінен алынған


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда