15 Мамыр, 2019

Елу жылдан кейін табылған батыр

Таяуда бір топ атыраулықтар Ресей Федерациясы Орел облысы Копнянский ауданы Андреевка селосында жерленген жерлестері Шайдолла Тәжиденовтың зиратына барып, зиярат етіп қайтты.


Жарты ғасырдан астам уақыттан соң, қайда жерленгені анықталған бұл тұлғаға орыстар ескерткіш орнатқаны да таяуда ғана белгілі болды.   Жерлесіміздің ерлігі және Орел облысына болған оның- ағайын туыстарының сапары туралы тілшіміздің мақаласында...

Нәйланың арманы

Нәйлә Шайдуллинаның бала кезден – ақ басты арманы- атасы Шайдолла Тәжиденовтың жерленген жерін табу еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен атасы туралы мәлімет алу, оның жерленген жеріне барып тағзым ету перзенттік борышы санады.  Тіпті, өзгелер күдер үзіп, кішкентай бүлдіршіннің арманын қиялға балап, оны әжуа- күлкіге де айналдырған кездер болыпты. Мектепте Нәйлаға сыныптастары:«Атаңды көрдік, химзавод жақтан келеді»,- дегені көңіліне қаяу түсірген жоқ. Қайта үміт отын маздай түсті, жігерін қамшылады. Ақырында, Нәйлә діттеген мақсатына жетті де. Ұзақ уақты өтсе де...

Негізі Шайдолла Тәжиденов Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Забурын селосына қатысты мекенде 1902 жылы дүниеге келген. Тәжиден деген ақсақалдан Хаби, Ғалым, Шайдолла, Жарылғас және Зайдолла деген төрт ұл өрген. Шайдолласы 1941 жылы соғысқа аттанып, атақты «Харьков қазаны» ұрысына қатысқан. Содан кейін елге хабар- ошарсыз кеткені туралы мәлімет жеткен. Ұзақ жылдар бойына туыстарының Шайдолла Тәжиденовты сол Харьков маңайынан іздейтіні де, сол себепті көпке дейін батыр туралы ақпардың болмауы да түсінікті. Ақыры, 2015 жылдың 10 сәуірінде ғана Нәйлә Шайдуллинаға атасының Орел облысы аумағында ерлікпен қаза тапқаны туралы хабар жеткен. Арманы орындала бастаған Нәйлә сол жылы Орел облысына немерелерін ертіп, сапар шеккен...

«Біздің татар»

Орел облысы Колпна ауданы Андреевка деревнясында атасы Шайдоллаға ескерткіш орнатылғанын білді. Ерлікпен қаза тапқан жауынгердің ұрыс кезіндегі тапқырлығы мен өжеттілігі, мергендігі турады аңызға пара- пар хикаятты Алексей Алексеев деген ақсақал айтып беріпті.

Орел облысына фашистер 1941 жылдың күзінде келіп, 1943 жылдың ақпанына таман мықтап жайғасып алыпты. Айнала қоршаған доттар мен дзоттар, пулеметті бекіністер әр төбенің басына қойылған. Жазықтан шабуылдаған Кеңес өкіметі әскерінің сарбаздарын сұлата берген. Міне, осы жағдайда екі мергенді шығарып, жау пулеметшілерін атқызған. Мергендердің бірі Шайдолла Тәжиденов. Талға шығып, әр жерден атып, күніне 20 жуық неміс солдатып жойыпты. Бұның бәрін Алексей ақсақал айтып, өзі осы екі жауынгерге көмектескенін де баяндаған екен.

Марқұм Алексей ақсақалдың естеліктеріне сүйенсек, неміс әскерінің басшылары көпке дейін Шайдолла мергенді таба алмаған. Ақыры, аңдысын аңдыған жауға қос мергеннің орналасқан жері туралы ақпаратты фашистермен көңілдес болған орыстың бір келіншегі жеткізіпті. Жау дегеніне жетіп, Шайдолла Тәжиденов 1943 жылдың 6 ақпанында қаза тапқан. Талдың үстінен жараланып құлап түскен, Екі бойына сол жерде қансырап жатып, көз жұмған екен. Қызыл әскердің жойқын шабуылына төрт күн қалғанда қаза тапқан Шайдолла жауынгердің жатқан жерінен бұлақ бұрқақ болып атқылапты. Қазір сол жерге орыстар келіп, бұлақтың суын қасиетті санап, ем- домға пайдаланады. Екі- үш күн бойына кескілескен ұрыс салдарынан жергілікті жұрт жертөлелерінен шыға алмаған. Әйтпесе, қансырап жатқан мергенге көмек қолын созары кәдік еді. Себебі, бастапқыда оны татарға балап, Шайдолла жауынгер қаза тапқанын естігенде деревняның жұрты «Наш татар погиб!» деп шын көңілден қайғырыпты.

1964 жылы Шайдолла атамызға жерленген жерінде ескерткіш орнатылыпты. Қазір сол ескерткішті жергілікті жұрт күтіп баптап- қастерлейді екен.

Орыс ескерткіш орнатқанда...

Ал, негізі Шайдолла Тәжиденовтың мергендігі кезінде ауыл- аймаққа белгілі болған. Бұл туралы оның інісі Зайдолланың ұлы, Жайдарбек баласы былай деп әңгімелейді: «Шайдолла көкеміз мергендігімен ауыл- аймаққа танымал болыпты. Өзінің пілте мылтығымен аңға шықса міндетті түрде олжалы қайтады екен. Сол қасиеті соғыста да жәрдем берген болып тұр ғой».

Жалпы, Қазақстан Мәслихаттарының құрметті депутаты Жайдарбек Зайдуллиннің айтуынша, таяуда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдап, Шайдолла Тәжиденовтың есімін ұлығылаудағы шараларға қолдау көрсететінін мәлімдепті. Оның үстіне, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, ұйымның пленумында жерлесімізге қатысты мәселені арнайы талқылауға шығарып, келесі жылы бұны Мәскеуде өтетін жиынның күн тәртібіне де енгізуді жоспарлапты.

Шыныменен де, орыс елі ұлығылап, ескерткіш орнатқанда батырдың туған жері неге үнсіз қалуы керек?! Әңгіме міндетті түрде ескерткіш орнатуда болмас, ұлығылау мен өскелең ұрпаққа насихаттаудың өзге де жолдары жетіп- артылады ғой...

Бір күнде қаза тапқан қос қазақ!

Биыл 9 мамыр- Жеңіс күні қарсаңында Шайдолла Тәжиденовтың бір топ туыстары Ресей Федерациясы Орел облысы Колпна ауданына сапар шекті. Делегация құрамында Жайдарбек Зайдуллин, Асылбек Зайдуллин, Нәйлә Шайдуллина, Бибатша Кенешова, Қайрат Қабиев, Ғаламат Шайдуллин, Райымбек Зайдуллин, Рысбек Әнуарбек болып, аталарының басына барып, тағзым етті, зиярат жасады. Андреев ауылында село басшысы мен аудандық комиссариат басшысы болып, 9 мамыр күні атаның басына гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң, аудан орталығына барып, Даңқ шеруінен кейін, Колпна ауданы жұртшылығының қатысуымен өткен үлкен жиында қазақстандық делегация атынан Атырау қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жайдарбек Зайдуллин орловтықтарға алғысын айтып, Жеңіс мерекесімен құттықтады.

– Бұл Жеңісте отандастарымыздың, оның ішінде атыраулықтардың да үлесі мол. Сондықтан, фашизмге қарсы төтеп берген аталарымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмауы керек,- деді Жайдарбек Зайдуллин.

 Жерлестер демекші, Орел облысында тағы бір қазақтың есімі аса құрметті. Бұл- Орел облысы Покров ауданы Лески селосы маңында 1943 жылдың  6 ақпанында ерлік көрсетіп қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев. Аудандық мұражайда осы аймақтың ерлік көрсеткен 16 тумасымен қатар Боран атамыздың фотосы тұр.  Сәйкестік пе екен, екі қазақ Орел облысының азат етілуіне атсалысып, бір күнде қаза тауып отыр. Тағдырдың жазуы сол шығар. Қолдан келер жағдай осы батырларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, жадымыздан шығармау...

Негізі бұл селоның маңында соғыстан қалған белгі көп екен. Мысалы, немістердің әскері штаб пен өткізу- тексеру қосыны ретінде пайдаланған үйлер әлі тұр. Қазылған окоптардың ізі әлі сайрап жатыр...

Ал, осы жерде болған ұрыстардың тірі қалған жалғыз кәугері Михаил Шикин  болса, атамыздың ескерткіші басында өз өлеңін оқып берді. Сол шығармасында ескерткішке айналған сарбаз ештеңе айта алмас, бірақ, біз оның басынан өткерген қиын жағдайын, көрсеткен ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек деген жолдар бар. Шыныменен, де соғыс салған зардапты ұмытуға тиістіміз бе?..

Қаршыға Көшеков,

Атырау- Колпна- Орел   



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда