15 Мамыр, 2019

Атыраулық кәсіпкер мұқтаж жандарға әлеуметтік қор ашты

Халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері орталықтан киім-кешек пен азық-түлік ала алады.

Атырау облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайырымдылық ұйымын ашу идеясы жеке кәсіпкер Ақылбек Мұқанов та бұрыннан болған. Алайда, шағын саудадан түсетін қаражат жетінкіремеген екен. Іскер жігітке жанашыр достары мен жақындары көмекке келіп, қаражат жинап, «Игі іске бастама» қоғамдық бірлестігін ашуға көмектесті. Бірлестіктің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмек көрсету.

Қазіргі таңда бірлестік екі бағытта көмек көрсетеді: ересектер мен балаларға арналған киім және бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін беру. Ақылбек Мұқановтың айтуынша, көп адам қаржылық көмекке зәру.

«Көп адам пәтердің жал құнын төлеп беруді сұрайды, сонымен қатар квота қарастырылмаған дәрі-дәрмекке, емге қаражат сұрайды. Әзірге мұндай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз жоқ. Қоғамдық бірлестік үшін арнайы шот ашып қойдық. Болашақта ұйымымыз дербес жұмыс істеуі үшін оқу оқып, мемлекеттік гранттарды алуды жоспарлап отырмыз», – деді бірлестіктің төрағасы.

Мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлікпен немесе қаржылай көмектескісі келетін азаматтар  Атырау қаласы «Үш жүз» сауда орталығы 2-қабат 51-бутикте орналасқан «Игі іске бастама» қоғамдық ұйымына хабарласа алады. Азық-түлік, киімді қабылдау мен беру сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жалғасады. Демалыс күндері: дүйсенбі, сейсенбі. Көмек алу үшін жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, мүгедектік болса – растайтын құжаттар және тұрғылықты мекенжай анықтамасы қажет.


ATPress.kz 


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда