14 Мамыр, 2019

Білім министрлігі түлектер кешін мектепте өткізуді ұсынды

ҚР Білім және ғылым министрлігі түлектер кешін қымбат шараға айналдырмай, оны мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды.

Оқу жылының соңында оқушылар мен олардың ата-аналарын мектеп бітіру рәсімінің форматы алаңдатты. Сонымен қатар, ата-аналар комитетінің ақша жинайтыны туралы хабарламалар келуде. Бұл көптеген отбасыларға салмақ болары белгілі, деп жазады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік түлектер кешінің мақсаты сәнді киімдер мен мол дастарқанды көрсету емес екенін еске салды. Бұл кеш балалар, мұғалімдер мен ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп атап өткен. 

«Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар, түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал. Аталған кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту орынды», - деп жазылған хабарламада. 

Министрлік өкілдері кеште түлектер мен ұстаздар арнайы бағдарлама дайындап,  мектеп ішінде де қызықты етіп, ұйымдастыруға болатынын алға тартады. 


ATPress.kz

Сурет: Ашық дереккөз





Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда