09 Мамыр, 2019

Атырауда үш мыңға жуық адам Мәңгілік алауға гүл қойды (ФОТО/ВИДЕО)

Екінші дүниежүзілік соғысқа Гурьев облысынан (қазіргі Атырау) 73 мыңнан аса адам шақыртылған, - деп хабарлайды ATPress.kz.

Жеңіс күнінде үш мыңға жуық атыраулық Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алып, Мәңгілік алау монументіне гүл қойды.

- Баршаңызды осы ұлы күнмен - Жеңіс күнімен құттықтаймын. Батырлардың соғыстағы ерлігі адамзат жадында мәңгі сақталады. Миллиондаған адамдар майдан даласында бастарын қатерге тікті, біздің бейбіт болашағымыз үшін қаза тапты, деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы Қазақстанда соғыс өрті шарпымаған бір де бір отбасы жоқ екенін атап өтті. "Мыңдаған сарбаздар соғысқа аттанды, мыңдаған жерлестеріміз тылда еңбек етіп, әскерді оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киіммен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етті. Жерімізді қорғауға бүкіл халық үлес қосты, бейбіт өмір үшін күресті", - дейді ол.

- Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз. Соғыс және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қаза тапқан ержүрек батырларымызды, бүгінде ортамызда бар баршаңызды мәңгі есте сақтаймыз. Өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде сіздердің өмір жолдарыңыз үлгі. Ерліктеріңіз бен еңбектеріңізге мың тағзым, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысы Мемлекеттік мұрағаты басшысы Серік Қуаныштың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс - 1939-1945 жылдары Атырау облысынан кеткен 73 мың адамның 25 мыңы қайта оралмаған. 

- Өткен жылы облыстық комиссия барлық аудандық әкімдікке сұраныс жіберіп, соғысқа аттанғандар туралы мәлімет сұратты. Біз соғысқа нақты неше адамның кеткенін анықтағымыз келді, - дейді мұрағат басшысы.

Алаңға жиналғандар ардагерлерді құттықтап, алғыстарын айтты. Жеңіс саябағында жорық ас үйі жасалып, сарбаз ботқасы берілді. Әскери-театрландырылған қойылым ұйымдастырылды, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда