15 Наурыз, 2019

Жарқырайды Құлсарының шамдары

Көп кешікпей Құлсары қаласында энергия үнемдеуші диодты шамдар қолданыла бастайды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 3 млрд. 521 млн. теңге бөлінді.


Бұл туралы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлімдеген болатын.  Оның айтуынша, 2018 жылдың  30 мамырында мемлекеттік- жекешелік әріптестік бағдарламасы шеңберінде «TNS-INTEC» ЖШС «Құлсары қаласындағы сыртқы жарықтандыру желілерін салу және пайдалану» жобасын жүзеге асыру жөнінде ұсыныс енгізген болатын. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бұдан бұрын Құлсары қаласында жарықтандырылмаған 107 көше жарықтандырылады екен. Жоспар бойынша 68 шақырым электр желісі жүргізіліп, 29 дана трансформаторлық станса және 2278 дана диодты жарық шамдары орнатылады.

Жоба бойынша құрылыс жұмыстарының мерзімі 1 жыл, ал бюджеттен бөлінген қаржыны қайтару 4 жылды құрайды.

Жалпы, Иғалиев мырзаның айтуынша, 2018 жылы жарық шамдарын тұтыну және пайдалануға Құлсары қаласында- 46 млн. теңге, Атырау қаласында 271 млн. теңге жұмсалған. Жоба жүзеге асқанда Құлсары қаласындағы қолданыстағы жарық шамдарын тұтыну көлемі 40% үнемделетін көрінеді. Жоба авторларының пікірінше, диодты шамдарды 2020 жылға дейін пайдалануға болады екен.




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Құлсары #энергия #жоба