15 Наурыз, 2019

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласына орналасуға қызығушылық танытып жүрген азаматтардың саны жыл сайын артып келе жатыр.

Себебі, мемлекеттік қызметте еңбек ету, ең біріншіден, тұрақтылықтың белгісі. Екіншіден, меритократия қағидатының негізінде мансаптық өсуге үлкен мүмкіндіктердің болуы. 

100 нақты қадам Ұлт Жоспарының Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі бірінші қадамына сәйкес мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі енгізілді. Бұл ретте, мемлекеттік қызметке тұру үшін бірнеше кезеңнен өту қажет:
1 кезең – уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тестілеуден өту;
Тестілеуге қатысу үшін «Б» корпусының лауазымына кандидат тестілеу күніне дейін бір күнтізбелік күннен кешіктірмей электронды үкімет веб-порталы арқылы немесе Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына жүгіну арқылы бекітілген нысан бойынша өтініш береді. Өтініш тапсыру кезінде үміткер өзіне қажетті тестілеу бағдарламасын таңдайды. 
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлерге арналған тестілеу 3 бағдарламадан тұрады:
1) бірінші бағдарлама А-1, А-2, А-3, А-4, А-5, В-1, В-2,  В-3, В-4, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, C-R-1, D-1, D-2, D-3,      D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2 санаттарына арналған. 
2) екінші бағдарлама B-5, B-6, C-4, C-5, С-О-3, C-O-4,  C-O-5, C-O-6, C-R-2, C-R-3, C-R-4, D-4, D-5, D-О-3, D-O-4,  D-O-5, D-O-6, E-3, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-G-1, E-G-2 санаттарына арналған. 
3) үшінші бағдарлама C-R-5, E-4, E-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттарына арналған.
 «Б» корпусының лауазымына кандидат мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда, оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады. «Б» корпусының лауазымына кандидат тестілеудің күнін және уақытын тестілеу өткізуге бар бос орындарды таңдайды. Тестілеуге жазылу электронды үкімет веб-порталында қалыптастырылатын нысанды тестілеу күні, уақыты және өту орны көрсетілген қолхатпен расталады. 
 «Б» корпусының лауазымына үміткер кандидат ҚР мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өтеді.  Қазіргі өзгеріске орай үміткерлер тестілеуден оң нәтиже көрсеткен кезде тест нәтижелері Е-қызмет ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде сақталады. Одан әрі, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құжат тапсырған жағдайда персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мамандары үміткердің тест нәтижелерін Е-қызмет ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінен көре алады . 
2 кезең - тестілеудің оң қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен өту;
"Б" корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау тестілеу нысанында жүргізіледі.
"Б" корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуді аяқтағаннан кейін тестілеу кестесіне сәйкес жүргізіледі.
      Бұл ретте, жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуде шектік мәндерден төмен нәтиже алған адамдар жіберілмейді.
"Б" корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу стресске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, өздігінен даму, жеделділік, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзгерістерді басқару деңгейін анықтауға арналған тапсырмалардан тұрады.
Ескеретін жайттардың бірі, тестілеу растық деңгейін анықтауға арналған сұрақтарды қамтиды. Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуді өту мәні растық деңгейі бойынша кем дегенде 50 %-ды құрайды және тесттерді орындау үшін 100 минут уақыт беріледі.
Үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау нәтижесі бойынша растық деңгейі 50 %-дан төмен болса, ол азамат тестілеуден өтпеді деп танылады. Аталған тестілеуде белгіленген мәннен төмен нәтиже алған «Б» корпусының лауазымына үміткерлер 1(бір) айдан кейін ғана қайта тестілеуге қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін адамдарға тестілеу операторының қолы қойылған, мөрмен расталған тестілеу нәтижелері беріледі.
3 кезең - Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурсқа қатысу негізінде жүзеге асырылады.
Конкурсқа қатысу үшін кандидат конкурс жариялаған мемлекеттік органның немесе уәкілетті органның интернет ресурсындағы хабарландырулармен танысуы тиіс. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалар мемлекеттік органға құжаттарын қолма-қол тәртіпте, почта арқылы не хабарландыруда көрсетілген электронды почта мекенжайына электронды түрде не «E-gov» электронды үкімет порталы арқылы құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады. Ол конкурс өткізу туралы хабарландыру соңғы жарияланғаннан кейін келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күннің ішінде ұсынылуы тиіс. 
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер төмендегі құжаттарды ұсынады:
- Өтініш;
- 3х4 үлгідегі түрлі түсті суретпен нысанда толтырылған «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына кандидаттың қызметтік тізімі;
- Білімі туралы құжаттар мен олардың нотариалды куәландырылған қосымшалары;
- Еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Құжат тапсырғанға дейінгі алты айдан аспайтын уақытқа берілген денсаулығы туралы медициналық анықтама, нөмірі 086 нысан;
- ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Психо-неврологиялық ұйымның анықтамасы;
- Наркологиялық ұйымның анықтамасы.
Жәнеде Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) "Е-қызмет" интегралды ақпараттық жүйесі арқылы кандидаттың:
      1) құжаттарды тапсыру сәтінде заңнаманы білуіне тестілеуден өткені туралы шекті мәннен төмен емес нәтижелері бар қолданыстағы сертификаттың;
2) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру сәтінде уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалауды өту туралы шекті мәннен төмен емес нәтижелері бар қолданыстағы қорытындының бар болуын тексереді.
Әңгімелесуге жіберілген кандидаттар оны кандидаттарды әңгімелесуге жіберу туралы хабардар ету күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурс жариялаған мемлекеттік органда өтеді. Бұл ретте, әңгімелесудің мақсаты кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін бағалау болып табылады.
Конкурс комиссиясы әңгімелесуден өткен кандидаттарға конкурс нәтижесі туралы конкурстық комиссияның шешімі шыққан күннен екі жұмыс күні ішінде хабарлайды.
Конкурс комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күн өткеннен кейін, мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар адам конкурс комиссиясының оң қорытындысын алған кандидатты жарияланған лауазымға қабылдайды.

Қақиева Айнагүл Қазбекқызы 
ҚР Мемлекеттік қызмет істері 
және сыбайлас жемқорлыққа 
қарсы іс-қимыл агенттігінің 
Атырау облысы бойынша 
департаментінің бас маманы

Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда