14 Наурыз, 2019

Cатушысы жоқ дүкен ашылды

Елімізде үш айдың ішінде 3 мыңнан астам адалдық дүкені ашылды.


Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтты.

«Сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда қоғамдық сананы өзгерту маңызды. Бұл бағытта сатушысы жоқ «Адалдық» дүкендерінің ашылуы үлкен жаңалық болды. Дүкенге еш бақылау жасалмайды және тауар алған адам да ақшаны өз еркімен төлеп кетуі тиіс. Осылайша, адамдардың бойында моральдық қасиеттер дамиды, парасаттылық қалыпты өмір салтына айналады», - деп түсіндірді Олжас Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен брифингте.

Оның мәлімдеуінше, Еуропа елдеріндегі адал сауда туралы бейнеролик Қазақстанда кеңінен талқыланған.

«Өткен жылы «WhatsApp» желісінде еуропалықтардың гүл алқабынан қажетті гүлді алып, бақылау мен камера болмаса да тиісті ақшаны қалдырып кететіні қызу талқыланды. Қазақстанда мұндай тәжірибе жүзеге аспайды деп кесіп айтты. Адалдық дүкендері ашылғанда да сенбегендер табылды. Халықтың мұндай жүйеге дайын еместігін жеткізді. Нәтижесінде 3 айда елімізде 3 455 адалдық дүкені ашылды», - деді О. Бектенов.



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда