14 Наурыз, 2019

«Көрісудегі» көріністер (ФОТО)

Бейбарыс алаңындағы «КөрісуFest» халықаралық фестивалі өзінің сахналық безендірілуімен де биылғы көрісуді ерекшеледі.

 Жалпы, еліміздің батыс аймағында өткізілетін «көрісу» дәстүрі бірнеше жылдан бері Атырауда салтанатты түрде өткізіліп жүр. Биыл бұл үрдіс жалғасын тапты. Алдыменен, батагөйлер арасында сайыс өткізілді. Бұған еліміздің барлық аймағынан үміткер қатысып, нәтижесінде Алматы облысынан келген Жақыпбек Өмірбек 1 миллион теге болатын бас жүлдені жеңіп алды. Қалған үміткерлердің де қанжығасы бос қайтпады.

-Мен негізі мал шаруашылығы маманымын ғой, сондықтан, есті сөз бен  жүйелі жыр-термені ағытатын қарияларды көп тыңдауға мүмкіндік болды.  Біздің жақта «көрісу» мерекесі жоқ, оның орнына 22 наурызға таман өткізілетін той деп аталатын дәстүріміз бар. Ол сіздердегі «көрісудің» бір нұсқасы,- деді Жақыпбек Өмірбек бізбен әңгімесінде. 8 баласы, 26 немересі бар ақсақал өз ұрпағын да көреген ой-көне сөзге бейімдеп келеді екен.

Жұрттың тағатсыздана күткен көрісу күні – 14 наурызда бас шара өткізілді. Мұндағы бірден айта кетер жайт- сахнаның безендірілуі.  Қойылымдар да  өзіндік ұлттық нақышқа сүйене отырып өрілген


Атқа қонған «Алтын адам»,  білек күші мен өнерін еліне сарп етуге дайын тұрған жігіттер,  құмай тазыларымен аңға шыққан аңшылар 


Осы жерде айта кетер жайт, бұлардың қатарында Украинадан келген бір тазы болды.


 Қазақы құмай тазылардан ерекшеленген бұл тазы бірден жұрттың назарына ілікті. Ал, қасында тұрған жігіттердің айтуынша, Атырауға биыл әкелініпті. Әзірге аңға шығармапты. Болашағы алда ғой, иесін әлі қуантар деп,біз де өз жөнімізбен кете бердік.

 Бұл мереке біреулер үшін керемет көңіл сергітер шара болды. «Жұмыстан кейін неге ұйымдастырмады?» деп әлдекімдер өкініп бара жатса, «Әкімнің шапаны керім екен, ресми түрде жұрт алдына қазақша киініп шыққан Ноғаев осы бірінші әкім болар» деп басқалар кетіп бара жатты тамсанып. «Қазақша киініп шықты дегені, шапан кигенін айтқаны болары» деп біз қалдық. 


Айтпақшы, ұлттық мекере болғасын ба, әкімнен басқа шенеуніктер де қазақы киім киіп алыпты. Ал, көптеген көрме-жәрмеңкелер де ұлттық дәстүрге сай жасақталған. Әсіресе, зергерлік бұйымдар көрмесі сәнқой аруларымызды бірден баурап алды. 


Киім-кешек, асыл бұйымдарымызды тағармыз –ау, ендігі мәселе- өзіміз қазақыланып алсақ қой деп, бұл шарадан біз де кеңсемізге қарай беттедік. Ал, әзірге келесі көрісуге дейін аман болайық, ағайын!

Қаршыға Көшеков

Фото: Әнуар Әбілғазиев




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау #Наурыз #мейрам #көрме #Көрісу