13 Наурыз, 2019

Балық неден қырылды. Себеп-салдары әлі зерттеледі

Жайықтағы балықтың жаппай қырылуының себеп-салдарын анықтау үшін үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы келген болатын. Аталмыш алқалы топты энергетика вице- министрі Сәбит Нұрлыбай бастап келді.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 2 желтоқсанынан бастап Атырау қаласы тұсындағы Жайық өзненінен балықтың өлекселері пайда бола бастады. Бұл үрдіс жалғасын тауып, су маржандарының жаппай қырылуына соқтырды. Осы жерде бірден айта кету керек, Астанадан келген комиссия түске дейін өзен бойын жағалап, балықтың жаппай қырылған негізгі ошақтарына барды, балықшылармен кездесті, тіпті, су астына да арнайы мамандарды жіберіп, балық өлекселерін іздеп көрген болатын. Әр жерден су сынамалары алынып, тірі балық пен өлекселері де зертханаларға жөнелтілді. Түстен кейін комиссия мүшелері Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған тікелей эфир арқылы республикалық және атыраулық журналистердің сауалдарына жауап берді. 

Ведомствоваралық комиссияның төрағасы Сәбит Нұрлыбай баяндағанындай, балықтың жаппай қырылуын тексеру мен тергеу мәселесі үкімет пен президент аппараты басшылығының тікелей қадағалауында екен.

Шығын– 450 млн. теңге

АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нариман Жүнісовтың айтуынша, балық жаппай қырылған 5 негізгі нүкте табылған екен. Біріншісі - Перетаска каналы. Мұнда 1,3 тонна балық өлексесі шықты. Шығын көлемі 1, 25 млн. теңгені құрады. Жайық өзенінде 8,65 тонна балық өлексесі шығып, шығын - 8,5 млн. теңге. Жайық-Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытында 1,8 тонна бағалы балық қырылып, шығын көлемі 424,8 млн. теңгені құраған. 

Луговской жылқы зауыты да бекіретұқымдас балықтарынан айырылып қалды. Бірақ, бұл жекеменшік мекеме болған соң, мұндағы шығын көлемі нақтыланбапты.

Нариман Жүнісовтың мәлімдегеніндей, Жайықтағы балықтың жаппай қырылуы жалпы балық қорының азаюына ықпал етпейді екен. Өйткені,  өлген балықтың негізгі бөлігі қолдан өсіріліп келген балықтар. -Оның үстіне, Жайықтағы ихтиофауна мониторингі көрсеткеніндей, өзенде 21 мың тннадан астам балық қоры бар екен. Өлген 8 тоннадан астам балық, жалпы қордың 0,04 пайызын құрайды,- деді Нариман Жүнісов.  



Сасықсайдың Жайықпен байланысы жоқ?

Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфухар Жолдасов мәлімдегеніндей, балықтың жаппай қырылуы белең алған соң, облыс орталығындағы төрт компания - «Жайық-Атырау бекіретұқымдас балықтар зауыты» РММ, «Атырау бекіретұқымдас балықтар зауыты» РММ, «Су арнасы» және «Жылу-электр  орталығы» мекемелері тексерілген екен. Нәтижесінде «Су арнасының» өзенге жіберетін суларында хлоридтардың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталыпты. Бірақ, бұл нақты балықтың қырылуына соқтырған себеп емес екен, Жолдасовтың пікірінше.


Ал, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ неге тексерілмеді деген сауалға, астаналық мейман бұл кәсіпорын пайдаланған суларын тікелей Жайық өзеніне құймайтынын, ағынды суларын арнайы құбырлар арқылы Сасықсайға («Тухлая балка») құятынын айтты. Өз кезегінде, Жолдасовтың айтуынша, іргеде жатқан Сасықсайдың Жайық өзенімен еш байланысы жоқ екен. – Біздің анықтағанымыздай, «Тухлая балка» жерасты суларымен де Жайық өзенімен байланыспайды. Өз кезегінде, АМӨЗ-ын біз өзге мәселелермен тексергенде де, пайдаланған суларында зиянды қылдықтарды анықтай алмадық,- деді аталмыш комитет төрағасының орынбасары Жолдасов. 



Ал, керек болса.
Қорытынды қашан дайын болады?

Тексеру қорытындылары әзірге дайын болмайтын сыңайлы. Астаналық комиссияның негізгі айтқан уәжі осы. Айта кетейік, балықтың жаппай қырылуына орай 2 қылмыстық іс көтерілген болатын. Қазір тергеу амалдары мен зерттеу жүргізіліп жатқан көрінеді. 



- Күні кеше ғана Сот сараптамасы институты зерттеу мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс жасады, ал әзірге балықтың неден қырылғаны да, кім кінәлі екендігі де белгісіз, - деді ведомствоаралық комиссияның төрағасы Сәбит Нұрлыбай.

Қаршыға Көшеков



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау