13 Наурыз, 2019

Бизнеске әлеуметтік жауапкершілік керек пе ?

Қызметкерлерді жұмыстан босатпау, жұмыскерлердің жалақысын көтеру және индексациялау, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге, соның ішінде, аса мұқтаж және көпбалалы отбасыларына тұрғын үй салуға белсенді араласу.

Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік делегацияның Атырау облысындағы 100 ірі компаниялардың өкілдерімен кездесуіндегі биліктің үндеуінің негізгі мәні осы деп айтуға болады.      

- Бірінші бағыт – төмен жалақы алатындарың еңбек ақысын көтеру. Екінші бағыт – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Үшіншісі – медицина мен білім беруді қолдау. Төртінші бағыт – өңірлерді дамыту. Тұтастай алғанда, 444 млрд. теңге бөлінеді. Үкіметтің міндеті – барлық қажетті құжаттарды жасақтап, осы шараларды нақты алушыларға жеткізу,-деп атап өтті Гүлшара Әбдіхалықова.- Бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс тұрғындарымен кездестік. Негізінен, көп балалы аналар келді, көбінің мүгедек балалары бар. Айтылғандардың барлығын талдаймыз. Қабылданған бағдарламалардың аясында көмектесеміз. Бірақ, барлығына бірдей көмектесуге мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан, сіздерден осы проблемаларды шешуге көмектесу сұралады. Бір үй тұрғызып немесе пәтерді жөндеп болса да. Атырау өзіндік ерекшелігі бар өңір ғой. Бұнда мұнай компаниялары да бар, қоғамның көмекке зәру топтары да өмір сүріп жатыр.                   

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Үкіметпен қабылданған шешімдердің маңызын атай отырып, еңбекақы төлеу мәселесіне жұмыс берушілердің назарын аударды.

- Меншік түріне және қай мемлекеттен келгеніне қарамастан, қазақстандық заңнама алдында бәрі тең. Яғни, қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің еңбекақы деңгейінде ешқандай айырмашылық болмуы тиіс. Бұл еңбек ету жағдайына да қатысты, - деді Бердібек Сапарбаев.- Бұрын әкім болғандықтан, сіздердің өңірлердегі көптеген прблемаларды шешуге, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарды салуға жақсы көмектесіп жатқандарыңызды білемін. Қазір экономикалық жағдай қолайлы. Өңірге келер қарсаңында Атырау облысындағы 18 ірі компанияға мониторинг жүргізгенбіз. Барлығының да экономикалық жағдайы жақсы. Алайда, осы кәсіпорындарда баспанасы жоқ 696 отбасы жұмыс істейді екен. Сондықтан, осы мәселеге түсіністікпен қарауды сұраймын. Республика бойынша 29 мың көпбалалы отбасы үй алуға кезекте тұр. Мемлекет мүмкіндігінше оларға көмектеседі, сіздерді де тыс қалмауға шақырамын.                 

         Кездесуде ірі компанияларда кәсіподақ ұйымдарын құру мәселесі бөлек тақырып ретінде қаралды. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Сичим С.п.А. Казахстан» компаниясының қызметкерлері арасындағы жанжалды мысал ретінде келтірді. Бірлескен кәсіпорынның Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында филиалы  бар. Еңбек дауы нәтижесінде жанжал туындаған.           

- Егер онда кәсіподақ құрылған болса, бұның барлығын өркениетті жолмен шешуге болар еді. Облыс прокурорына, еңбек инспекциясына, кәсіподақтар жетекшілеріне осыны қаперлеймін,- деді Нұрлан Ноғаев.

Одан әрі өңір басшысы қаланың, облыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге қаысып жүрген комапниларды, кәсіпкерлерді өнеге ретінде атап өтті. 

Мәселен, Атырау қаласында кәсіпкер 8 бала тәрбиелеп отырған отбасына үй салып берген. Жылыой ауданында кәсіпкерлер жетімдер үшін 6 үй тұрғызып жатыр. Осы жылы «Теңізшевройл» компаниясы болашақ кеңею жобасы бойынша 60 мың адамды бір мезгілде 2 айға жұмысқа алады.               

- Мен ТШО-ның басшылығын мердігер ұйымдардағы еңбек жағдайына, еңбек қатынастарына, қауіпсіздік техникасына назар аударуды сұрадым. Біз өңірдегі барлық компанияларға осындай талаптар қоямыз. Еліміздің гүлденуі, алдымен, әрбір компанияның да гүлденуімен байланысты. Сондықтан, компания басшылығынан Үкіметтің үндеуі бойынша лайықты шешім күтеміз,- деп Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кездесуді қорытындылады.

    


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау #компания #бизнес