17 Қаңтар, 2019

Танымал блогер сәбилердің өлімі туралы пікір білдірді

ATPress.kz. 17 қаңтар. Қазақстандық блогер Яков Федоров нәрестелер өлімінің көбейгені үшін айыпталған атыраулық дәрігерлерді қорғауда.

Өзінің Фейсбуктегі ресми парақшасында қазақстандық танымал блогер Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлерін қорғап жазба қалдырды. Балалар өлімінің статистикасын талдаған Яков Федоровтың айтуынша, өңірде 2018 жылы балалардың туа біткен даму кемістіктерінің көрсеткіші 36,1 пайызға өскен.

– Бұл көрсеткіш өте үлкен және қорқуға болар еді, бірақ шын мәнінде бұл облыста және әсіресе аудандарда диагностика жасауға арналған жаңа аппараттар қондырылғанын, яғни бұған дейін аудандардағы ауыр жағдайлардың көпшілігі анықталмағандығының көрсеткіші, – деп жазады блогер.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2018 жылы облыстық перинаталдық орталықта 8351 бала дүниеге келсе, оның 458-і жан сақтау бөлімшесінде жатып шыққан.

– Осы сәбилердің ішінен 108 нәресте дүние салып отыр. Атап айту керек, шетінегендердің барлығы – не шала туғандар немесе салмағы өте аз болған нәрестелер, – дейді Яков Федоров.

Айта кетсек, 2018 жылы санитарлық авиация 226 науқасқа 203 шақыру жасаған, олардың ішінде 64-і – жаңа туылғандар.

– Ауыр жағдайларда оларды ең алдымен ОПО-ға жеткізгені айтпаса да түсінікті. Өйткені, бұл жағдайда дәрігерлер статистиканы ойлап жатпайды. Ара-қашықтыққа, метеожағдайға және аудандардың неонатологтармен толық қамтамасыз етілмеуіне қарамастан, ең алдымен әрбір баланың өмірін құтқару жайын ойлайды, – деп түсіндіреді блогер.

Оның айтуынша, қайтыс болған 108 баланың 36,6 пайызы – аудандардан әкелінген жаңа туған нәрестелер. Тиісінше, статистикадағы өлім-жітімнің өсуі дәрігерлердің өмір сүру мүмкіндігінің төмен болғанына қарамастан әрбір баланың өмірі үшін күрескенінен болып отыр.

– Егер нақты сандарды сараптайтын болсақ, маған көрсеткіштерін төмен етіп «көрсеткен» аймақтар үшін қорқынышты, – дейді блогер.

Яков Федоровтың пікірінше, елімізде сәби өлімі фактілерін азайту үшін білікті мамандар мен техника жетіспей жатқан бүгінгі кезеңде аудандардағы диагностика мен медицинаның сапасын күшейтуді жалғастыру қажет.

Сондай-ақ, барлық өңірлердегі түсік тастау жағдайларын жіті тексеру керек, өйткені, біліксіз дәрігерлер нәресте өлімін азайту мақсатында шала туған сәбилерді «түсік тастады» деп ақпарат беріп, олардың өмірі үшін күреспейді.

Бұдан басқа, Қазақстандағы өлім-жітім статистикасын «бүлдіретініне» қарамастан, санитарлық авиацияны дамыту қажет.

– Шалғай аудандардың тұрғындары үшін бұл өте маңызды. Жақында менің достарымның бірі өзі тұратын облыста көп адам тасымалдайтын үлкен ұшақтың орнына осындай мақсаттар үшін кез келген жерге, тіпті топырақ үстіне де қонуға ыңғайлы кішкентай ұшақ сатып алғанына наразы болған еді. Ол құтқарылған әрбір адамның өмірі әлдеқайда маңызды екенін енді түсінді деп үміттенемін, – деп қорытындылады қазақстандық блогер.




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: # нәрестелер #өлімі #атыраулық #дәрігерлер #блогер