11 Желтоқсан, 2018

«Шалқыған халқымның ән мен күйі» атты өнер сайысында ардагерлер өзара сайысты

ATPress.kz, 11 желтоқсан. Ардагерлер шығармашылығын дамыту, жастарды отансүйгіштікке, үлкенді құрметтеуге, халық шығармашылығының түрлі жанрларын насихаттау мақсатында Құрманғазы ауданында «Шалқыған халқымның ән мен күйі» атты өнер сайысы өтті.

Оған жергілікті өлкеге қарасты  сегіз ауылдық округтен келген ардагер аталар мен әжелер қатысты.  Алғашқы болып сахна төріне шыққан Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесі жанынан құрылған домбырашылар ансамблі «Адай» күйін күмбірлетті. Зәуреш Қуанышбаева, Қажымұқан Нәженов, Уахит Масалов «Дедімай-ау», «Сартайдың термесі», «Теріскей» әндерін тамылжыта шырқаса, «Ақтілек» әжелер ансамблі ұсынған нөмірге көпшілік ыстық ықылас танытты.

Ақкөлдіктер атынан Светлана Бердешова репертуарындағы халық жүрегінен орын алған туындыларды орындады. Саламат Қабдолов бұл байқауға патриоттық әнін ала келіпті. Нұржау ауылдық округінен қатысқан белгілі өнерпаз Жаңбырбай Нәрешов «Атамекен», «Елге сапар» әндерімен көрерменнің көңілінен шықты. Одан әрі көптоғайлық Гүлжамаш Сақташева, орлылықтар атынан сахнаға шыққан Сайфолла Жұмағазиев, Бағдаш Қарабалина да өнерден құр алақан еместіктерін көрсетті.

Теңіздік Сағида Хамзаева, сафондық Клара Қимеденова, Ибрайым Махмудов, Киікбай Батырбеков ән салып, күй төгілтіп, «Алпамыс» жырынан үзінді де оқыды. Еңбекші ауылдық округінің әжелер ансамблі, жеке дауыста ән орындаған Саламат Ғаббасов, Антонина Даваева, Мүсіреп Мырзалиев өз өнерлерімен тыңдарманның қошеметіне бөленді.

Нәтижесінде Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, «Жиделі» фольклорлық-ансамблінің жетекшісі Талапқали Зайнуллин, білім саласының ардагері Жәннат Құрманғалиева, С. Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әртісі Раушан Сәрсенова өнер байқауына қатысушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.

А. Шакупова

Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Құрманғазы