05 Желтоқсан, 2018

Ганюшкин стансасы тұрғыны шұбаты жоғары сұранысқа ие бола бастады

ATPress.kz, 5 желтоқсан. Ганюшкин стансасы негізінен теміржолшылар мекені. Саланың бірнеше мекемелері осында орналасқан.

Осы станса басына Құрмаш Әліпов деген ақсақал отбасы жағдайымен Дыңғызыл округінен сонау 70-і жылдардың аяқ тұсында көшіп келеді. Ауылда мал ұстап қалған ақсақал азын-аулақ түйе, сиыр, қой малдарын өздерімен бірге ала келіпті. Қыстық азығын дайындау, поселке ішінде қора-жай салып мал ұстау оңайға соқпайды, әрине. Бірақ, Құрмаш қария жұбайы Ұлболсын екеуі қайткенде де үйренісіп қалған төрт түлікті жойып жібермей, қажетінше пайдаланып, өз төлі есебінен толықтырып отырды. Үлкендер о дүниелік болған соң, Әбілсейіт ұл, Маруся келін екеуі қара шаңырақты ұстап қалды. Азын-аулақ малдың қыстық пішені, қораға қараған уақытта шөбін, суын алдына тосып шаруалау, өрістен келмей қалған күндері түні бойы іздеу оңайға соқпады.

– Мына малды мен түп-түгел сатамын деді, Әбілсейіт өрістен қайтпай қалған күні, іздеуді қиынсынып.

– Сатып қара, кешегі күндері осы мал жоқ болса қайтер едік? – деді Маруся.

– Онда тиын-тебенге бола ұзақты күніңді өткізгенше малыңмен өзің бол, - деді отағасы. – Болсам болармын, - деді сол жолы Маруся.

Арада жылыстап жылдар өтті. Қайсар келіншек айтқанынан қайтпады. Бағымында, күтімінде жаны қиналғанымен өз меншігі - қыста соғым етеді. Қаймағы, айраны, шұбаты үзілген емес. Сатса – пұл дегендей. Отбасына жетіп артылатын дәулет құрады. Тәңірі перзенттен таршылық қылмай үш ұл, бір қыз сыйлады.

Маруся Қуанғалиева бүгіндері мал шаруасына, жоғын табан тозды болып іздеуге әбден төселген. Соңғы жылдары үш-төрт інгенді тұрақты сауып, сүтінен шұбат дайындап, керегіне жаратуда.

Биыл да үш інгеннің желінін созғылап, біршама жанның алғысына кенелді, отбасына келер ырыс көзін еселеп арттырды. Мысалы, сауын күні бойы үш рет ұйымдасады. Әр інген бір сауында 2 литрден кем емес сүт береді. Сонда бір інгеннен 6 литр сүт, үшеуінен 18 литр сүт жиналады. Осы маңның той күткен отбасылары, саулығында кінараты барлар, тіпті былайғы тұрғындар да алып жатады.

Биыл жаз бойы тапсырыспен Астраханның «Қызылжар» мекенінен тұрақты алып келген отбасылар болыпты. Біреуден-біреу естиді, бүгінде байланыс оңайланған заман емес пе? Қысқасы, Марусяның бал шұбаты үйде тұрып жарытпайды, дайындауы мұң екен, сұраушылар табыла кетеді. Селода мал ұстау қиын деген сылтауды белінен қақ бөлген Маруся Үкіметқызы бағалы бал шұбатымен ауыл-аймаққа белгілі бола бастады, ал оның бейнетті тірлікпен ғана келерін әркім ақ түсінер.

Таңатар Дәрелұлы

Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау #Ганюшкин