09 Қараша, 2018

Айбике – Азия чемпионы

ATPress.kz. 9 қараша. Филиппин елінің Пасиг қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өтіп, оған сегіз мемлекет қатысқан болатын.

Дүбірлі додада семсерлесу спорттық ойыны бойынша құрманғазылық Айбике Хабибуллина алтын медаль иеленіп, Азия чемпионы атанды.

Жас семсершінің еліміздің мәртебесін көтерген кезекті мерейлі жеңісін естігенде біз де қатты қуандық. Өйткені, бұл жетістікке жету спортта жасындай жарқыраған Айбикенің көптен бергі арманы еді. Ол бұған дейін түрлі халықаралық додаларда биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын асқақтатып келеді.

Дарынды қыздың дүниежүзілік чемпионаттардағы таңдай қақтырарлық олжалы жеңістері газет беттерінде жарияланып жүр. Ол қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «спорт және дене шынықтыру» факультетінің төртінші курс студенті. Енді жас семсерші Франция елінде болатын әлем кубогында бағын сынауға тынбай жаттығу үстінде.

Білікті бапкерлері В.М. Дьяококин мен Е.В. Дьяококин елімізде бұрын кенже қалған спорттың бұл түрі бүгінде жақсы дамып келетінін алға тартып, бір жарыстан келе сала, екіншісіне қызу дайындыққа кірісетін интеллектуалды спорттың хас шебері атанған шәкіртінің еңбекқорлығына, табандылығына тәнті болып, оның болашағынан мол үміт күтетінін айтады.


А. Шакупова

Тегтер: семсерлесу Азия чемпионаты Айбике Хабибуллина