09 Қараша, 2018

Қиғаштың оқушылары Бөкейдің кесенесіне барып қайтты

ATPress.kz. 9 қараша. Өскелең ұрпақты «Туған жер» кіші бағдарламалық жобасы аясында өлкеміздің киелі жерлерімен таныстыру кейінгі кездері кең өріс алуда.

Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Қиғаш жалпы орта мектебінің жоғары сынып оқушылары мен жас мұғалімдері қазақ хандарының бірі – Бөкей Нұралыұлының кесенесіне барып қайтты. Ресей елінің Кіші арал ауылында орын тепкен киелі орынға сапар Бөкей ханның рухани ұстазы Сейіт бабаның басына тәу етумен басталды.

Тірілерінде бір-бірін құрмет тұтып өткен қос тұлға хан бабаның өсиеті бойынша қатар жерленіпті. Сондықтан да, кесенеге барған жұрт алдымен жас кезінде Каирде, Бағдатта, Бұхарада шығыс ілімдерін үйренген діндар әулиеге Құран бағыштайды. Бөкей ханның сүйегі Сейіт баба зиратының шығыс жағында жатыр. Ханға іргелес зайыбы Атан (кейбір деректерде Ғитан, Гатан) ханым мәңгілік байыз тапқан.

Айта кетелік, Қазақстан мен Ресей арасындағы ежелгі достықтың құрметіне бұл кесене 2011 жылы тұрғызылған болатын.


С. Ғариполлақызы,

Қиғаш жалпы орта мектебінің директоры

Тегтер: Қиғаш оқушылар Бөкейдің кесенесі