08 Қараша, 2018

Латын графикасына көшудің емле ережесі талқыланды

ATPress.kz. 8 қараша. Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттарын саралау және емле ережелерін көпшілікпен талқылау мақсатында Құрманғазы ауданында семинар-кеңес өтті.

Оған «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасы» бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен арнайы ақпараттық топ мүшелері келді.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Терминология және ономастика» бөлімінің ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына «Емле ережелерінің жобасы» ұсынылғанын хабарлады.

Семинар-кеңесте сондай ақ, орфографиялық, терминологиялық және әдістемелік жұмыс топтарының мүшелері жаңа әліпбиге көшудің мәні мен емледегі өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, ереженің негізгі қағидаттары және басты жаңалықтарымен таныстырды.

Айта кетелік, комиссия құрамында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Терминология және ономастика» бөлімінің ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, Орал қаласындағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау орталығының басшысы Болат Жексенғалиев, орталықтың баспа бөлімінің жоба бойынша менеджері Мэлс Ермағанбетов бар.

 

А. Шакупова

Тегтер: жаңа қазақ әліпби енгізу талқылау Құрманғазы ауданы