08 Қараша, 2018

Бір адам көз жұмып, төрт адам дене жарақатымен ауруханаға түскен

ATPress.kz. 8 қараша. Құрманғазы ауданында жаяу жүргіншілердің қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы орын алды.

Оның салдарынан бір адам көз жұмып, төрт адам дене жарақатымен ауруханаға түскен. Бұл ағымдағы жылдың тоғыз айына шаққандағы мәлімет.

Әттегенайы, зардап шеккендердің екеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл туралы Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімі, Жол полициясы қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тобының аға инспекторы, полиция майоры А. Ғабдолов жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында өткен жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, жол апатының жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алуының себебі көп жағдайда адамдардың өзіне байланысты болып отыр. Яғни, адамдар көп жағдайда рұқсат етілмеген жерлерде жақындап қалған көліктің алдынан кесіп өтуді әдетке айналдырған.

Еске сала кетелік, жолдың арнайы белгіленбеген аумағынан өткен жаяу жүргіншіге екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.


Бахтияр Уахитов

Тегтер: Құрманғазы ауданы жаяу жүргіншілер жол көлік оқиғасы