08 Қараша, 2018

Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-оңалту орталығы ашылды

ATPress.kz. 8 қараша. Атырауда тұңғыш рет «Сенім» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-оңалту орталығы ашылды.

Аталған орталықты облыстық әкімдіктің, «Теңізшевройл» ЖШС-ның, «Орталық Азия Еуразия» және «Даму» қорының қолдауымен жеке әлеуметтік кәсіпкер, бірінші топ мүгедегі Ілияс Үсенов ашып отыр.



Мұндағы фитнес-залда бір мезгілде мүмкіндігі шектеулі 15 азамат жаттыға алады. Сонымен қатар, емдік массаж процесі де қарастырылған.

Мүгедектерге бейімделген барлық құрылғылармен жабдықталған орталықта екі жаттықтырушы, бір дәрігер жұмыспен қамтылып отыр.

«Жаттығу жұмыстары бір жылдың ішінде оң нәтижесін береріне сенімдімін. Мысалы, отыра алмайтындар отырып, отырғандар еңбектеп, еңбектегендер тұрып, тұрғандар жүруге мүмкіндік алады деп ойлаймын. Барлық жаттығу өзіндік саты бойынша жүзеге аспақ. Бірақ, жаттығуды үзбестен үнемі жасап тұру керек», - дейді орталық басшысы Ілияс Үсенов.

Спорттық-оңалту орталығы ақылы негізде, ал, кейбір адамдар үшін (әлеуметтік жағдайы төмен, т.б.) тегін қызмет етеді. Жалпы, 1 айға қатысу құны 45 мың теңге. Жаттығу дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 9.00-18.00 аралығында жүргізіледі.



«Мұнда «денсаулығымды жақсартамын» деген кез келген мүмкіндігі шектеулі азамат келіп, оңалуына болады. Ал, сенімдерін жоғалтып алғандар, арбадағы өмірге үйреніп қалғандарға мұны қабылдау қиын. Кімнің сенімі болса, тиісінше, нәтижесі де болады. Себебі, мен бұл тәжірибені өзіме қолданып көрдім, оң ықпал етті. Енді мұны неге өзге адамдар қолданбасқа?!» - дейді Ілияс Үсенов.

«Сенім» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-оңалту орталығына барамын, қатысамын деушілер 8702 252-39-44 байланыс телефонына хабарласуларына болады. Орталық «Нұрсая» ықшам ауданындағы №11 үйдің төменгі қабатында орналасқан.


Айдос Қарабала

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев

Тегтер: Сенім мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық оңалту орталығы