07 Қараша, 2018

Атырауда 20 мектеп пен 36 балабақша салынады

ATPress.kz. 7 қараша. Алдағы уақытта Атырауда 20 мектеп пен 36 балабақша салу жоспарланып отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева мәлімдеді.

Бүгінде Атырау қаласында екі мектеп апатты жағдайда тұр. Ал, 13 мектеп үш ауысымды оқыту жүйесінде жұмыс істеуде.

Спикердің айтуынша, бұл жағдай «Нұрсая», «Жұлдыз», «Алмагүл» ықшам аудандарындағы және Тасқала ауылындағы оқушылар санының көбеюіне байланысты орын алып отыр.

Осы орайда, үш ауысымды оқытуды жою мақсатында 20 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның бесеуі («Береке» - 1200 орындық, «Нұрсая» – 900 орындық, «Жұлдыз-1» ы/а – 624 орындық, Дамба ауылы – 300 орындық, Ракуш ауылы – 300 орындық) салынуда.

Сонымен қатар, сегіз мектептің құрылысы (Ақжар-2, Ақсай-2, «Көктем» ы/а, «Жұлдыз-2» ы/а, Бірлік-2 ауылы, «Балауса» ы/а, Тасқала-2, «Өрлеу» ы/а, Еркіқала-2) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады деп күтілуде.

«Ал, балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында 36 балабақша салынады. Оның төртеуінің құрылысы басталып кеткен. Атырау ауылы, «Нұрсая» ықшам ауданы, Еркінқала мен «Самал» ықшам ауданындағы мектепке дейінгі мекемелердің халық игілігіне берілетін күні алыс емес», - деп баяндады Фаруза Шангереева.


Айдос Қарабала

Фото автордікі

Тегтер: мектеп балабақша құрылыс білім беру