07 Қараша, 2018

«Ұшқан ұядағы» ата-баба жолы

ATPress.kz. 7 қараша. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында биыл тұңғыш рет үш кітап таңдап алды.

Олар – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітаптары.

Осыған байланысты, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесіне байланысты пікір келтіруді жөн көрдім.

«Жастарға батаны өзге емес, өз бабалары беруі керек», - дегенді оқығаным бар еді. Оның дұрыс уәж екеніне осы повесті оқыған кезде көз жеткіздім. Бауыржанның шілдеханасында атасы Имаш ел қарияларынан бата сұрағанда, олар: «Немере өзіңдікі, батаның жөні де өзіңдікі», - деп батаны өзіне бергізеді. Атаның бата-тілегін Алла қабыл еткен екен. Кейін Бауыржан атасы армандағандай, елінің шырағы, батырлардың жалғасы болды.

Автор бата беру дәстүріне кейін де қайта соғып, үлкен рухани мәнін ашып көрсетеді. Бірде елге өкіл, большевик Садық келгенде, ауыл азаматы қой жетектеп келіп, ақсақалдардан бата сұрайды. Сонда қарттар тіксіне қарап, Садыққа қысыла көз салады. Өйткені, бұған дейін келген өкілдер батаны діни теріс салт, ескінің қалдығы деп рұқсат етпейді екен. Ал, бұл жолғы қонақ Садықтың олардан көзқарасы мүлдем басқа, ұлттық дәстүрге адал азамат болып шықты. Ол алдымен өзі қолын жайып, үлкендерден бата беруін сұрайды. Батаға байланысты бүгінде ел ішінде бірен-саран қариялардың ойлы да мәнді бата бергенін байқасақ, кейбіреулерінің тілек айтып кететінін көріп жүрміз.

Бала жасынан кітапқұмар, байырғы оқырман Жекен Ахметқалиевті шығармадағы отбасының рөлі, адалдық, баланы қуанту сияқты тәрбиелік мәні қызықтырған екен.

«Болашақ батыр ес білген кезінен бастап отбасының күнкөріс үшін керектінің бәрін адал еңбек, маңдай термен табатынын, әкесі Момыш өз бетімен ізденіп, сауатын ашқанын және сол арқылы бүкіл аймаққа сыйлы болғанын, ел ішінде «Молда бала», «Ұста бала» атанғанын өз көзімен көріп өседі. Ауыл адамдары бір қағазға қол қою немесе арыз жазу керек болғанда, оны сауаттылығы үшін ғана емес, адалдығына бас иіп келетін. Он жеті жыл старшын болып, ауылдағы кішігірім билікті өз қолына алғанда да мал бітпеген. Бар байлығы жалғыз ғана аты болған. Қолында барды кем-кетіктерге таратып беріп отырған. Әкесі базарға барған сайын мол базарлық әкеліп, балаларды өрік-мейізге тойдырады екен. Ол туралы автор былайша еске алады: «Балалар шынымен қуанып біледі. Ал, ересектер арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездеседі. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық».

Бауыржан атамыз шығарма соңында орайын тауып, түрлі діни сенімдерге қатысты өз ойын нақты білдірген. Әкесі Момыш пен оның інісі Момынқұл оны оқуға дағдылы молдаға емес, орыс мектебіне береді. Өйткені, заман талабы жастардың жаңаша оқып, білім алуын талап етті.

Жалпы алғанда, ұлтымыздың біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі қай жағынан алып қарасақ та, бүгінгі жас ұрпаққа керек дүние болып тұр. Мұнда елдік намыс та, ұлттық тәрбие де, отаншылдық өнегелік істер де бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында осындай құнды дүниелерді насихаттаудың маңызы зор деп ойлаймыз.


Есмұхан Жанизин

Тегтер: Бауыржан Момышұлы Ұшқан ұя рухани жаңғыру