07 Қараша, 2018

Атырауда өнер адамдары ХҚКО-да кеңесші қызметін атқарды

ATPress.kz. 7 қараша. Бүгін Атырауда өнер адамдары ХҚКО-да кеңесші қызметін атқарды.

Дәлірек айтсақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге ҚР мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова, ҚР Жастар сыйлығының иегері, актер Нұрбек Мәдиев және айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров қызмет етті.

Олар «Жұлдыздың ХҚКО-дағы бір күні» акциясы аясында тұрғындарға электрондық кезек талонын ұсынып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес берді.

«Халықпен жұмыс жасау оңай еместігін бұрын сезінсек, қазір басымыздан өткізіп тұрмыз. Өйткені әр түрлі түсінікпен келетін адамдардың көңілін тауып, нақты жауап беріп отыру үшін білімің де, тәжірибең де жеткілікті болу керек екен», - дейді Гүлмайдан Сүндетқызы.

Бұрынғы «Бауыржан шоу» театрының актері, қазіргі «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрының директоры Нұрбек Саматұлы да тұрғындарға электрондық қызметтердің тиімділігін түсіндірді. «Облысымызда Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда, халықтың осы бағыттағы сауаттылығын арттыруда филиалдың атқарған жұмысының зор екенін көзбен көрдім», - деп өз ойын білдірді ол.

Ал өңірдің арқалы ақыны Шалқарбай Ізбасаров:

- Сырымды елге бүгін ақтардым ғой,

Жырыммен жұрт алдында жатталдым ғой.

Халыққа қызмет көрсетем деп,

Инспектор боп кетуге шақ қалдым ғой.

Жүретін шынайы бір бағытпенен,

Қашан да жақсылықты дәріптеген.

Шешілмейтін мәселе болмайды екен,

Әр адам бірге жүрсе халықпенен! - деп өзінің әзіл шумақтарымен халықтың көңілін серпілтіп тастады.

Акция барысында ұялы телефондар мен планшеттер арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу бағыты кеңінен насихатталды.

Айта кетейік, облыстық ХҚКО-да бір күнде 7 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетіледі.


Айқара Ғұмар

Тегтер: өнер адамдары ХҚКО кеңесші қызметін атқарды