06 Қараша, 2018

Үкімет басшысы облыстардағы тұрғын үй құрылысының қарқынына назар аударды

ATPress.kz. 6 қараша. ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Б. Сағынтаев жалпы 9 айдың қорытындысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының барлық негізгі бағыттары бойынша өсім байқалатынын атап өтті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. Сонымен қатар, Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар басты аспектіге аударды.

Бірінші — мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражатты игеру мәселесі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, бірқатар өңірде 9 айдың қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмендеген.

Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, жоғары көрсеткішке қол жеткізілген. Премьер-министр биыл 12,1 млн шаршы метрді пайдалануға беру керектігін еске салды.

Осыған орай, облыстардың әкімдеріне тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау тапсырылды.

Екінші — құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құрылысына да қатысты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осы бағытқа көзделген. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, салынып дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отырғанын айтты.

Жеке тұрғын үй бойынша биыл 40 мыңнан астам жер телімі желімен қамтамасыз етілуге тиіс болатын. Алайда, жыл басынан бері тек 40 пайызы ғана жүзеге асқан. Сондықтан облыстардың әкімдеріне осы мәселені қатаң бақылауға алып, тапсырмалардың алдағы екі айда орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.


Айқара Ғұмар

Фото kn.kz сайтынан алынған

Тегтер: тұрғын үй құрылысы Нұрлы жер Бақытжан Сағынтаев