06 Қараша, 2018

Жол ережесін сақтамаған 420 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды

ATPress.kz. 6 қараша. Атырауда 29 қазан - 2 қараша аралығында «Назар аударыңыз: жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы өтті.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, профилактика кезінде 2 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған.

Яғни, жаяу жүргіншіге жол бермеген 132 жүргізушіге хаттама толтырылып, көлікті мас күйінде басқарған 26 жүргізушінің ісі сотқа жолданыпты.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер де жол ережесін сақтауға енжарлық танытады. Төрт күннің ішінде 420 жаяу жүргінші жолдың арнайы белгіленбеген жерімен өткені үшін жауапқа шақырылған. Жол бойында қатерге бас тігіп, ереже бұзған тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 615-бабына сәйкес, 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Айта кету керек, жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің абайсыздығынан 2 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алыпты.


Айдос Қарабала

Фото облыстық ІІД-нен алынған

Тегтер: жол ережесін сақтамаған жаяу жүргіншіге айыппұл