11 Қазан, 2018

Студенттерді жатақханамен қамту мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асады

ATPress.kz. 11 қазан. Алдағы уақытта студенттерді жатақханамен қамту мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асады.

Сөйтіп, еліміз бойынша 75 мың студентке жатақхана тапшылығы мәселесін шешу жоспарланып отыр. Алайда, жаңа бастаманың ережесі қандай, тапсырысты есептеу қалай жүргізіледі? Өз қаражатына жатақхана құрылысын жүргізген кәсіпкерге қандай пайда бар?

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен келелі кеңесте кең талқыланды. Жиынға «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқармасының өкілдері, өңірдегі басқарма басшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының ректор, директорлары қатысты.

Сонымен, Елбасының Бес бастамасының үшінші бағыты – студенттерді жатақханамен қамтудың жаңа тетігі ұсынылды. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

Егер кәсіпкер жаңа жатақхана салар болса, оның қаржы шығыны мемлекет есебінен 8 жылға дейін қайтарылады. Яғни, әр адам басына жылына 122 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша төленеді. Ал, кәсіпкер өзіне тиесілі бұрынғы нысанын қайта жаңғыртып, жатақханаға айналдырса, онда әрбір студентке 47 айлық есептік көрсеткіштен беріледі.

«Әрине, бұл кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Себебі, жатақхана бизнес өкілінің жеке меншігінде қалады. Сонымен қатар, оның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі қолдауларды пайдалануға мүмкіндігі бар. Бірақ, бір талап анық. Ол – жатақхана 20 жылға дейін өз қызметін мүлтіксіз атқаруы тиіс», - дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев.

Жаңа бастамаға сай, кәсіпкер иелігіндегі сауда үйлерін, бизнес орталықтарын, қонақ үйлерін жатақханаға айналдыра алады. Дегенмен, нысанда студенттерге қажет бүкіл жағдай жасалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, Студенттік үйге айналса құба-құп. Мұнда спорт зал, шаштараз, монша, интернет-кафе де ұйымдастыруға болады. Бұл - бір жағынан жастарға тиімді, екіншіден, кәсіпкерге қосымша табыс.

«Бүгінде Қазақстан бойынша 75 мың студентке жатақханадан орын жетіспейді. Ал, Атырау облысында 1350 орынға тапшылық бар. Аталған мәселені 2022 жылға дейін шешуді жоспарлап отырмыз», - деп мәлімдеді Талғат Матаев.


Айдос Қарабала

Фото өңірлік коммуникациялар қызметінен алынған

Тегтер: студенттерді жатақханамен қамту