10 Қазан, 2018

Атырауда облыс активі Елбасы Жолдауын талқылады

ATPress.kz. 10 қазан. Бүгін Атырауда облыс активі өтіп, Елбасы Жолдауын талқылады.

Тақырыбы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын маңызды құжаттың бөлім-белестері зерделенді.

Жиынға өңірдегі мәслихат депутаттары, басқарма мен мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өз сөзінде Атырау облысы жұртшылығы тарапынан Мемлекет басшысының Жолдауы қолдауға ие болғанын айтты. Президент ұсынған бастамалардың әрқайсысына жеке тоқталған облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, құзырлы органдардың алдында тұрған нақты міндеттерді саралады.



«Мемлекет басшысы халықты алаңдататын мәселелерді баяндады. Бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық саласындағы тарифтер. Атырау облысы бойынша коммуналдық қызмет тарифтері, соның ішінде электр энергиясы, су және кәріз қызметтері бойынша биыл өсу деңгейі болған жоқ. Жолдаудың тағы бір бағыты - экспортқа бағытталған индустриализация мәселелері. Облыста 44 кәсіпорын экспортқа бағытталған өнім шығарады. Жыл басынан бері 152,4 миллион доллардың тауары өндірілді. Аталған кәсіпорындардың белсенділіктерін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев

Облыс әкімі активке қатысушы аграрлық қызметкерлерге ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту қажеттілігі туралы ескертті. Бұл бағытта аймақта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Қазір электронды картаға 6432 егістік алқапты қосу жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеті мыңнан астам алқап электронды картаға енгізілген.

«Жолдаудағы басым міндеттердің бірі - ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету. Жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру мақсатында биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқытуға жергілікті бюджеттен 55,9 миллион теңге қаражат бөлініп, оған 1325 адам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оқытылу жоспарланған», - деді аймақ басшысы.

Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағытында елімізде «7-20-25» бағдарламасы қолға алына бастады. Ол қазақстандықтарға тұрғын үй ипотекасын алу мүмкіндігін арттыруға арналған. Мемлекет басшысы әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы төлемді ішінара субсидиялауды, ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын көбейтуді тапсырды. Атырау облысында осы мәселені шешу үшін тұрғын үй алуға әлеуметтік қолдаудың екі нұсқасы қаралып жатыр. Олар - 1 млн. теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек және 15 жылға пайызсыз несие беру.

Облыс әкімі жиын соңында барлық қатысушыларды Президенттің бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.



Ирина Нейбарт, «Нейбарт» ЖК директоры: «Біз бүгін Елбасы Жолдауын талқыладық. Маңызды құжатта елдің даму параметрлері айқын сипатталған. Мен жеке кәсіпкер болғандықтан, Елбасының орта және шағын бизнесті ілгерілету жөнінде айтқан бағыты көңіліме қонды. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының одан әрі жалғасатыны қуанышты жаңалық болды. Бұл бизнестің өркендеуіне, жаңа идеялардың қалыптасуына оң ықпал етері анық. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары құрылады, бюджетке түсім көбейеді. Жолдауда осылайша отандық бизнесті қолдау арқылы импортты алмастыру жайы айтылды. Мен өзім осы бағдарлама бойынша несие алып, бизнесімді бастаған жанмын. Жеңіл өнеркәсіп саласындамын, әйелдерге және балаларға арналған киімдерді шығарамыз. Түрлі республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып, жоғары бағаға ие болдық. Төрт адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта да ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуға асықпын».




Ерболат Дәулетқазиев, ҚКХП Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы: «Елбасы Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласына қатысты түзген мақсат-міндеттердің маңыздылығы ерекше. Бизнесті дамыту үшін нақты бағдарды айқындап берді. Ал, білім саласында мұғалімдердің жалақысын көтеру, статусын бекіту, білім-біліктілігін арттыру секілді мәселелердің көтерілгені өте орынды болды. Аталған тақырыпқа қатысты менің 7-8 ұсынысым бар. Алдағы уақытта оны Парламенттегі әріптестеріме ұсынамын деген жоспарым бар. Ұстаз статусы демекші, шетелде мұғалімдер министрлер секілді жоғары айлық алады. Тиісінше, оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Ал, біздегі педагогтардың жалақысы төмен, көпшілігінің жеке баспанасы жоқ, мәртебесі де анықталмаған. Сондықтан, мұғалім болғысы келетін жастардың қатары да азайып келеді. Келешекте бұл мәселені терең зерделеп, жіліктеу қажет деп ойлаймын».


Айдос Қарабала

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев