09 Қазан, 2018

Атырауда электронды билет жүйесі бойынша төлем карталарын енгізу басталады

ATPress.kz. 9 қазан. Атырау қаласындағы 10 сауда орталығынан төлем карточкаларын алуға және шотты толтыруға болады.

Бұл туралы «Смарт-Атырау» КММ директоры Әділбек Танкиев мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта «Тамаша», «Байзар» және «Атырау» сауда орталықтарында төлем карталарын сату пункттері орнатылуда. Жақын арада электронды билет жүйесіне арналған төлем карталары қаланың барлық сауда орталықтарында сатылады. Бір картаның құны - 300 теңге», - дейді Әділбек Танкиев.

Халық үшін 9 түрлі төлем түрі – қолма-қол ақша, банк картасы, Bluetooth көмегі, NFC-қосымшасы бар смартфон, sms-хабарлама арқылы және QR-коды бойынша қолжетімді болады. Жыл соңына дейін барлық автобустарға QR-кодтар беру және төлемнің басқа түрлерін жасайтын «SmartQala» мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда.

Бұған дейін, электронды билет жүйесі Астана мен Алматыда оффлайн режимінде енгізілген болатын. Атыраудағы жобаның артықшылығы - төлемдер онлайн-форматта қабылданады. Нақты уақыттағы режим күнделікті жолаушылар қозғалысы туралы ақпарат алуға, сондай-ақ қоғамдық көлік қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

«Атырауда электронды билет жүйесін енгізудің мақсаты - қоғамдық көліктің ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа жүйені енгізудің арқасында жолаушылар көлігінде қызмет көрсету сапасы, жүргізушілер мен кондукторлардың жалақысы, тасымалдаушы компаниялардың табысы және тиісінше бюджетке салық түсімдері көбейеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, автобустарды пайдалану мерзімі артады, өйткені жолаушылар көлігін жақсы жағдайда ұстауға қаражат бөлінетін болады», - дейді Әділбек Танкиев.

Еске сала кетейік, қала күніне орай Атырау автопаркі 20 жаңа автобуспен толықты. Жаңа қоғамдық көлік мобильді төлем құрылғыларымен жабдықталған.

Айқара Ғұмар