09 Қазан, 2018

Атырауда жаңа қазақ әліпбиін үйрету мақсатында көшпелі семинар-тренинг өтуде

ATPress.kz. 9 қазан. Қазіргі таңда семинар-тренингке 1500-ге жуық адам қатысты.

Аталмыш шараны қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы және ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, қазақ тілі жаңа әліпбиінің авторларының бірі, еліміздің белгілі фонетигі Әлімхан Жүнісбек өткізуде, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Басты мақсат - тұрғындарды жаңа қазақ әліпбиіне үйрету, дайындау, халық арасында латын графикасына көшуді дәйекті түсіндіру.

Көшпелі семинар-тренингтің алғашқы сапары 1-2 қазан күндері Қызылқоға ауданынан бастау алды. 3 қазанда Мақат ауданында, 4-5 қазанда Жылыой ауданында, 8 қазанда Махамбет ауданында, 9 қазан күні Индерде болды. Ал, 10 қазанда Исатай ауданында, 15-16 қазан аралығында Құрманғазы ауданында жалғасады.

Айта кетейік, Атырау қаласының тұрғындары үшін семинар-тренинг 11-12 қазан күндері өтеді. Жалпы, облыс бойынша 4 мыңға жуық адамды жаңа әліпбиге үйрету жоспарланып отыр.

Айқара Ғұмар