04 Қазан, 2018

Шалғайдағы төрт шаруашылыққа жарық жетті

ATPress.kz. 3 қазан. Құрманғазы ауданында шалғайда орналасқан мал жайылымдарына күн сәулесі арқылы электр қуатын беретін батарейкалар мемлекеттік тапсырыспен сатып алынып, орнатылып берілді. Ондағы мақсат – агрошаруашылықты дамытуға жағдай жасау.

Қазіргі таңда Сүйіндік, Мақаш және Теңіз ауылдық округінде орналасқан төрт шаруа қожалық бизнесті дамытуда жаңа технологияны пайдаланып отыр. Бұған дейін электр қуаты болмағандықтан, жанармаймен жұмыс жасайтын құрылғы қолданып, көп шығынмен жарықты пайдаланып келген алыс учаскенің шаруагерлері дән риза.

Айта кетелік, күн сәулесі арқылы қуат беретін батарейкалар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 11,8 млн теңге қаржыға сатып алынды.

Соңғы деректер құрманғазылықтардың бизнеске қызығушылық  деңгейі  жоғарылағанын көрсетіп отыр. Мәселен, бір ғана «Бастау» бағдарламасы аясында Құрманғазы ауданында биыл 162 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып шықты. 19 адам «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Атырау өкілдігі арқылы 56 млн. 400 мың теңге шағын несие алып, жұмыстарын бастады. Тағы 20 адам Құрманғазы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы несиеге жолдама алып, құжаттарын жинақтауда.

Г. Құмарова