03 Қазан, 2018

Лицензиядан айырылған үш банктегі жеке тұлғалардың салымы қайтарыла ма?

ATPress.kz. 3 қазан. Биылғы тамыз және қыркүйек айында Qazaq Banki, Эксимбанк және Астана Банкі лицензиядан айырылды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Бақыт Когулов мәлімдеді.

Ұлттық Банк аталған банктердің лицензиясын тартып алу туралы шешімді пруденциялық нормативтерді және өзге де реттеуші талаптарды жүйелі түрде бұзғаны үшін қабылдаған.

Ұлттық банк мұндай шешімді шығармас бұрын менеджментпен және акционерлермен қарқынды келіссөздер жүргізуге ниет білдіріпті. Алайда, нақты шаралар ұсынылмаған. 

Бүгінде Qazaq Banki банкінің, Эксимбанкінің және Астана Банкінің активтер бойынша үлесі 0,9%, 0,3% және 1%-ға тең. Олардың үлестік салмағы аз болғандықтан, лицензиядан айыру басқа қаржы ұйымдарына қауіп туғызбайды.

Осы орайда, лицензиядан шеттетілген банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері қалай қайтарылады деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ, Ұлттық банк өкілі оған алаңдауға негіз жоқ екенін баяндады. Яғни, аталған үш банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Жеке тұлғалардың кез келген валютадағы салымдары, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақшасы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалған.

Айдос Қарабала