20 Қыркүйек, 2018

Атыраудағы наубайханада заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары ұсталды /ВИДЕО

ATPress.kz. 20 қыркүйек. Атыраудағы наубайханада заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары ұсталды.

Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, заңды белшеден басып, шетел азаматтарын рұқсат қағазынсыз жұмысқа қабылдаған кәсіп иесіне айыппұл салынған. Яғни, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 519-бабына сәйкес наубайхана қожайынына 240 500 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.

Сонымен қатар, наубайханада рұқсат қағазынсыз жұмыс істегені үшін Өзбекстан елінің 10 азаматына хаттама толтырылды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Заңсыз келуші-2018» жедел іс-шарасы өткізілуде.

Аталған профилактика барысында көші-қон полициясы қызметкерлері 447 әкімшілік құқықбұзушылық анықтаған. Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған 384 шетелдік жауапқа тартылыпты. Сондай-ақ, шетел азаматтарының күшін заңсыз жүзеге асырған 16 атыраулық азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.

Айдос Қарабала

Видео Атырау облыстық ІІД-нің жедел түсірілімінен алынған