03 Қыркүйек, 2018

Жаяу жүргіншілер көпіріне көлікпен шығып кеткен ауыл тұрғыны жазаға тартылды

ATPress.kz. 3 қыркүйек. Құрманғазы ауданында жаяу жүргіншілер көпіріне көлікпен шығып кеткен ауыл тұрғыны әкімшілік жазаға тартылды.

Оқиға 1 қыркүйек күні жергілікті уақытпен таңғы 11.00 шамасында болған. Жаяу жүргіншілер көпірін "шатыстырып алған" жеңіл көліктің "ерлігін" ауыл тұрғындары видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жариялап жіберді.

Осыған орай, Құрманғазы ауданы Ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі Жапырық ауылындағы жаяу жүргіншілер көпіріне шығып кеткен «ВАЗ-21070» маркалы автокөлігінің жүргізушісі ұсталғанын хабарлап отыр. «Қазіргі таңда құқық бұзушының Нұржау ауылының тұрғыны екендігі анықталды. Құқық бұзушының үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік Кодексінің 596 бабына сәйкес, оған он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген Құрманғазы ауданы ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі таратқан хабарламада.


Қ. Ғұмаров

Тегтер: Құрманғазы жаяу жүргіншілер көпір көлікпен