10 Тамыз, 2018

Атырауда қоқыс полигоны рекультивацияланады

ATPress.kz. 10 тамыз. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті отырысында Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлы мәлімдеді.

Қалалық мәслихаттың XXVI сессиясында қоқыс полигонды рекультивацияландыру және қала сыртына шығару, сондай-ақ, қазіргі заманауи мал базарын салу мәселелері талқыланды. Сессияға қатысушылардың айтуынша, Атыраудағы қоқыс мәселесі бұрыннан бар. Бүгінде Атыраудан бес шақырым жерде орналасқан қоқыс полигоны 40 жыл бұрын ашылған және экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарына сай келмейді.

«Арнайы автобаза» ЖШС мәліметі бойынша, полигонға тәулігіне 236 тонна қоқыс төгіледі, қатты тұрмыстық қалдықтар айына 7 мың тоннадан астам, жалпы жылдық көлемі 85 мың тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта жиналған қалдықтардың көлемі екі миллион тоннадан асады. Осылайша, қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған орын болғандықтан, өрт жиі орын алып, қаланың атмосферасын ластаудың негізгі көзі болып отыр.

Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлының айтуынша, қазіргі уақытта қала сыртындағы қоқыс полигонын рекультивациялау және ауыстыру мәселесі қаралуда, жақын арада осы экологиялық проблеманы шешу бойынша шаралар қабылданады.

«Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, қазіргі таңда бірнеше жоба бар. Өздеріңіз білетіндей, әрбір жоба алдымен мемлекеттік сараптамадан өтуі керек, оң шешім қабылдануы қажет, содан кейін оны орындау үшін бюджет бекітіледі, орындаушы жарияланады. Кейде рәсім 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл жұмысты бұрынғы әкім Серік Шапкенов бастаған болатын, біз оны жалғастырудамыз», - деді Алимұхаммед Құттымұратұлы.

Сессияға қатысушылар көтерген келесі маңызды мәселе - мал базарларының антисанитариялық жәй-күйі. Ветеринария бөлімі мамандарының айтуынша, қалада малды сойғаннан кейін биоқалдықтарды көметін мал қорымы жоқ. Жұмыс жасап тұрған мал базарлары белгіленген санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамайды.

«Біздің алдағы жоспарымызда барлық мал базарларын қала сыртына шығару мәселесі бар. Қазір лайықты орынды таңдап, сол жерге заманауи талаптарға жауап беретін нысанды салу қажет. Кәсіпкерлер осы объектілердің құрылысы бойынша маған өз ұсыныстарын енгізуде. Бұл мәселе қалалық әкімдіктің бақылауында тұр. Біз қаладағы барлық мал базарларын міндетті түрде тексереміз. Егер олардың санитарлық нормаларды бұзғаны анықталса, оларды жабамыз және қала сыртынан барлық заманауи стандарттарға жауап беретін орталықтандырылған мал базарын ашамыз», - деп сөзін қорытындылады қала басшысы.

Бүгінгі күні Атырауда үш мал базары жұмыс істейтінін айта кетейік. Құрбан Айт мерекесі қарсанында барлық мал соятын алаңдарды қалалық ветеринария бөлімінің мамандары тексеретін болады. Тиісінше, олардың иелеріне санитарлық нормалардың талаптарын орындау жөнінде тиісті тапсырмалар берілмек.


Айқара Ғұмар

Тегтер: қоқыс полигон рекультивация Атырау