10 Тамыз, 2018

Атырауда «SanRemoSaraishyq» атты итальяндық музыка фестивалі өтті

ATPress.kz. 10 тамыз. Екі мыңға жуық көрермен тамашалауға келген бұл шара сұлтан Бейбарыс атындағы алаңда өтті, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау музыкасының тарихында тұңғыш рет өткізілген «SanRemoSaraishyq» фестивалін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған. Фестивальге Италияның әр қаласынан 8 әртіс келді. Олардың арасында әлемге әйгілі танымал тенор Родольфо Мария Гордини, Сан-Ремо фестивалінің тұрақты қатысушысы және композитор Изабелла Биффи, сондай-ақ танымал халықаралық «Alt@Moda» тобы бар.

«Атырауға алғаш рет келдім, қала тұрғындары мені және менің әріптестеріме қонақжайлылық танытты. Біз танымал - Тото Кутуньо, Адриано Челентано, Ricchi e Poveri, Пупо, Нада және басқа да итальяндық әртістердің әндерінен тұратын үлкен репертуарды алып келдік. Көрермендер бізді өте жылы қарсы алып, бізбен бірге ән шырқады. Өте жақсы көңіл-күй сыйлады», - дейді әнші Изабелла Биффи.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сюзанна», «Феличита» және кеңестік дәуірдің басқа да танымал әндері Атырау қаласының тұрғындары үшін шынайы мереке болды.

«Шамамен екі мың көрермен әйгілі итальяндық әртістердің өнерімен танысуға келді. Екі елдің мәдениеті мен тілін байланыстыру - біздің басты мақсатымыз болатын. Осы мақсатымыз жүзеге асты деп есептеймін. Ендігі кезекте Италия елінде Қазақстан эстрадасының концертін қойып, итальяндықтарды біздің мәдениетіміз және тілімізбен таныстырсақ жақсы болар еді», - дейді қалалық мәдениет бөлімінің бас маманы Қарлығаш Құмарова.


Айқара Ғұмар

Тегтер: СанРемо фестиваль Атырау