10 Тамыз, 2018

ҚР Ұлттық банкі: Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсіреуі рубльдің құнсыздануынан болды

ATPress.kz. 10 тамыз. 2018 жылғы 9 тамызда теңге бағамы өткен күнмен салыстырғанда 1 АҚШ доллары үшін 354,06 теңге деңгейіне дейін немесе 1,6%-ға әлсіреді.

Бұл Ресейге қатысты санкцияларды қатаңдату тәуекелдерінің күшеюі және мұнай бағасының төмендеуі аясында рубльдің құнсыздануының салдарынан болды,-деп мәлімдейді ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалы. Ресей рублі АҚШ долларына қатысты бір күнде 4,2%-ға (63,6-дан 66,3-ке дейін) және еуроға қатысты 4,1%-ға (73,8-ден 76,8-ге дейін) әлсіреді. 

АҚШ заң жобасының жариялануы рубльдің әлсіреуіне негізгі себептердің бірі болды. Бұл заң жобасы Ресей Федерациясының мемлекеттік борышын қаржыландыруға және Ресейдің бірқатар жетекші банктерінің мүлкімен мәмілелерге шектеу салуды көздейді. Ресей рублімен болып жатқан ағымдағы ахуал, негізінен, саяси факторлармен түсіндіріледі және нарыққа қатысушылардың күтулеріне негізделеді. Американың мұнай өнімдеріне Қытайдың баж салықтарын енгізуі мүмкін туралы ақпараты аясында Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 72 долларға дейін төмендеді. 

«Қазіргі уақытта бағамның белгіленуі Ұлттық Банктің қатысуынсыз жүріп жатыр. Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыр және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздық тудыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдіктерді жүзеге асыруға дайын», - дейді ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас маман-экономисі Айнұр Бақытханқызы. А


Айқара Ғұмар 

Фото otyrar.kz сайтынан алынған

Тегтер: Ұлттық банкі теңге курс доллар әлсіреу