10 Тамыз, 2018

Жас ақындар мүшәйрасы қорытындыланды

ATPress.kz. 10 тамыз. "Салт пен дәстүр - ұлттың тірегі". Осындай атаумен Индерде өткен жас ақындар мүшәйрасы қорытындыланды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша мүшәйраға түскен туындылар арасынан жас ақын Нұрасыл Иса жолдаған «Салт пен дәстүр-діннің тірегі» өлеңі үздік танылды. Екінші және үшінші орындарға индерборлық Ертай Кеңесов пен есболдық Тілекқабыл Төлегеннің жыр жолдары лайықты деп танылды.

"Мүшәйраға түскен әр сайыскердің шығармасы да деңгейлес, дегенмен аталған жеңімпаздардың көңіліндегі, өлеңінде болашаққа сенім оты, жігерді қолдау керек деп ойладық. Өкінішке орай, өмір жолына жаңа түсіп жатқан балаң шәкірттеріміздің шығармаларында болашақтан түңілу, зар, жылауық сезім көбірек байқалады. Бұл өмірлік тәжірибе емес, құр еліктеуден туған түсінік. Сондықтан, біз шығармашылықпен айналысатын жастарымыздың бойынан ерлік, жасымас жігер отын жанып, жақсылыққа ұмтылысты байқағымыз келеді", - дейді қазылар алқасының төрағасы, «Ақпараттық-талдау орталығының» Индер ауданындағы діни бірлестіктермен жұмыс орталығының үйлестірушісі Қымбат Кәрім.

С. Бисенов

Тегтер: жас ақын мүшәйра Атырау