10 Тамыз, 2018

Кентіміз қорымдармен араласып кетті

ATPress.kz. 10 тамыз. Индербор кентінің қақ ортасындағы көне зират - Маймақ қорымы. Үлкендердің айтуынша, бұл зират әуелде кенттің ең шетінде болыпты.

Бүгінде кенттің орталығында қалған ескі қорымның аймағын жеке кәсіпкерлер, тұрғындар ауласымен, автокөлігіне гаражымен бірте-бірте басып келеді, қоршауларын да майыстырып төте жолға айналдырып алғандар бар. Қоқысын осында төгетіндер де тыйылмай отыр.

Балалардың бейіт үстінде доп ойнап та жүретіндері кездеседі. Шариғатта да, салт-дәстүрімізде де қабірді басу күнә саналса, біз осылайша қабірді таптап аруақтарға маза бермей жүрміз. Қазір осы қорымда ғана кісі жерленбейді. Басқасында бұл іс жалғасуда.

«Барлаушылар» бөлігіндегі бұрынғы зираттың бір жағы тұрғын үйлермен арада аяқжол ғана бөліп тұрса, келесі шеті ішкі істер бөлімі ғимаратына дейін тақап қалды. Махамбет көшесіндегі бұрынғы ПМК жанындағы үлкен зират та әуелде кенттің шетінде болған еді. Қазір жаңа мөлтек аудандардың өсуімен кенттің ортасында қалды. Мұндағы христиандар бейітімен арада көлік өтетін жол ғана бөліп тұр. Ол ол ма, мұндағы бар қоршауды бұзып жіберіп, сыртына да жерлеуді жалғастырып жатқандар бар.

- Бұл келеңсіздікті бала-шаға емес, қайтқан адамды қайда жерлеуін әулеттің үлкендері біліп тұрып істеп отырғандары қынжылтады. Ал христиандармен араны қиыршықтас төсеп, не қоршап арасын сақтамаса, қазіргі қарқынмен қатарластырып жерлей беретін түрі бар. Әрине, көпшілігі қайтқан жанды ата-бабасының, не жақындарының қасына жерлеуге ұмтылады. Бірақ жерлеу ісін бетімен жібермей белгілі бір тәртібі алыну керек,- дейді «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев.

Сонымен қатар зираттың ішіне саңылаудай жер болса тығылыстырып та салып жатыр. Тіпті, қараусыз ескі зираттың үстінен де қабір қазылуы әбден мүмкін.

Кенттің оңтүстігінде де көне зиратқа жерлеу жалғасып, бүгінде «Көктем» мөлтек ауданының оңтүстігімен шекараласып қалды. Соңғы ашылған "Қаракей" қауымы да бұрын айдалада жатқандай көрінетін. Қазір бұл зираттар жан-жағынан өсіп, оған «Шығыс» пен «Болашақ» мөлтек аудандарының жаңа бой көтерген үйлері де таяп келеді. Қазірдің өзінде зираттың шеті электр бағаналарына таяп қалды.

Бала күнімізде үлкендер кешке таман бейіттің жанымен жүрме дейтін. Қазір кент ішінде жағалай зират, жүрмегенде қайтерсің...


Саламат Базарбаев

Тегтер: зират Маймақ қорымы Индер