10 Тамыз, 2018

Индерде он қылмыстық істің біреуі медиация тәртібімен аяқталған

ATPress.kz. 10 тамыз. Қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір жолына айналған медиацияның республикалық күніне орай Индер аудандық кітапханасында кездесу өтті.

Индер аудандық сотының судьясы Әділ Құспановтың айтуынша, медиация тәсілі - сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Кезінде билер дауды бірауыз сөзбен шешкен, "билік айтқан би емес, бітістірген би" деген екен.

"Әсіресе, жасөспірімдер ісінде кез келген түсінбеушілікті, балалардың болмашы бұзақылығын сотқа жеткізудің қажеті жоқ. Сотты болған, ісі тергеліп, құзырлы орын алдын көрген балалардың психологиясы бәрібір бұзылады. Ал, олардың ағаттығын өзара мәмілеге келу арқылы шешетін болсақ, кәмелетке толғандардың түзелуіне, қателігін түсінуіне мүмкіндік туғыза алсақ ұтқанымыз", - дейді судья Әділ Құспанов.

Елтай округі бойынша кәсіби емес медиатор Тасқали Темірболатов кеңестік кезінде кәсіподақта, партком қызметінде болғанда талай аразданушыны татуластыруға атсалысқанын, қазірде медиатор болып бұл игі істі жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

"Қазір ауыл арасында куә болып жүрміз, отбасында кейбір әйелдер ерлерін қит етсе сотқа беріп қорқытып алғысы келеді. Отбасындағы сыйластық азайып, ажырасулар көбейіп барады. Еншісін алып күйеуге кеткен қызы әкесінің үйіне таласатынды шығарды. Малға таласқан ағайындар, жерге таласқан көршілер бар. Осындай тұрмыстық істің бәрін сотқа жеткізбей ағайын арасында, ауыл ішінде шешуге болады. Өкінішке орай, оған бұрынғыдай ауыл ақсақалдарының беделі болмауда", - деді ол.

Айта кетейік, бүгінде Индер ауданында кент және ауылдық округтерде 12 кәсіби емес медиатор жұмыс істеуде, олар арнаулы кабинеттермен қамтамасыз етілген. Медиацияға байланысты Индер аудандық сотында биылғы жартыжылдықта 277 азаматтық істің 50-і, 244 әкімшілік істің 15-і, 10 қылмыстық істің біреуі медиация тәртібімен аяқталыпты.


С. Сансызбайұлы

Тегтер: медиация сот қылмыстық іс