09 Тамыз, 2018

Жол жүру ережесін бұзғаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

ATPress.kz. 9 тамыз. Атырауда жол жүру ережесін бұзған азамат 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Олардың мәлімдеуінше, айыпталушы азамат биылғы жылдың наурыз айында «Volkswaqen Polo» маркалы автокөлігімен жол тәртібін өрескел бұзған. Яғни, Азаттық даңғылы бойындағы бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткен. Сөйтіп, жәбірленушінің басқаруындағы «Hyundai Elantra» автокөлігіне жол бермей соқтығыс жасаған.

Салдарынан, «Hyundai Elantra» автокөлігінің жүргізушісі орта дәрежеде, ал жолаушысы жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алған.

Сот отырысында кінәлі азамат қылмыстық теріс қылық жасағанын толық мойындап, кешірім сұрайтынын, өзінің жұмыс жасамайтынын ескеріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық Кодекстің 345 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды және 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енбеген.


Айқара Ғұмар

Фото depositphotos.com сайтынан алынған

Тегтер: жол ережесі бұзған жаза қоғамдық жұмыс Атырау