09 Тамыз, 2018

Атыраудағы колледждерге грант бөлу процесіне қоғамдық бақылау орнатылады

ATPress.kz. 9 тамыз. Атыраудағы колледждерге грант бөлу процесіне қоғамдық бақылау орнатылады.

Осы орайда, «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын іске асыру үшін Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті облыстық Білім басқармасымен бірлесе отырып жиын өткізді.

«Азаматтарға білім беру гранттарын беру және жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық комиссиялардың жұмысына қатысу мүмкіндігін ұсыну» тақырыбында болған жиналысқа бизнес, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Оларға конкурстық комиссияларға қатысу процесі түсіндірілді және бұған адал және әділ түрде қатысу жастардың шынайы білім алуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Бүгінде өңірде 25 кәсіптік-техникалық ұйым бар, сондай-ақ 3 жоғары оқу орны тіркелген. Осы ретте, биыл Атыраудағы 25 колледжге мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін оқу үшін 2900 грант беріліпті. Салалық департаменттің мәліметі бойынша, тамыз айынан бастап арнайы комиссия грант бөлу мақсатында барлық колледжде жұмысын бастайды.

«Қоғамдық бақылау білім саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау механизмін орнатады», - деп атап өтті департамент басшысының міндетін атқарушы Руслан Тұңғышбаев.


Айқара Ғұмар

Сурет zakon.kz сайтынан алынған

Тегтер: Атырау колледж грант қоғамдық бақылау