08 Тамыз, 2018

Жаңа заң адвокатура саласының дамуына қандай серпін береді?

ATPress.kz. 8 тамыз. «Адвокаттық қызмет туралы» заң 1997 жылы қабылданғаны белгілі. Алайда, биыл 5 шілде күні қазіргі заман талабын ескере отырып, жаңа заң қолданысқа енгізілді.

Осы орайда, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Асулан Каримов, Атырау облысы Адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова, «Заң кеңесшілері палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрасыл Мубарак жаңа заңның айрықша тетіктерін баяндады.

Сонымен «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң адвокатура саласының дамуына қандай серпін береді?

Біріншіден, бүгінде Атырау облысында 140 адвокат қызмет етуде. Бұл өңірдегі 615 мың халыққа шаққанда 1 адвокатқа 4700 азаматтан келеді. Ал бұл көрсеткіш шетелде басқаша. Мәселен, Италияда 260 азаматтан, Германияда 500 азаматқа бағамдалған. Яғни, елімізде адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады. Қабылданған жаңа заң осындай тапшылықты шешуді көздеп отыр. Ол үшін адвокаттар алқасының мүшелігіне өту жарнасы алынып тасталды. Бұрын алқа құрамына ену 800 мың теңгеге дейін құраса, енді мүшелікке кіру жарнасы жойылды. Сөйтіп адвокаттар саны өсіп, бәсекелік күшейіп, қаламақы төмендейді деп күтілуде.

Демек, енді жоғары заң білімі бар азаматтар адвокаттық тағылымдамадан өтуші болып табылады. Ол үшін адвокат болуға ниетті адам өзінің өтiнiшімен Адвокаттар алқасының төралқасына жүгiнуі керек. Шешім бес жұмыс күні ішінде қабылданады. Ал, тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімді құрауы мүмкін. Тағы айта кететін жайт, тағылымдама қорытындысы Адвокаттар алқасының төралқасы бекітетін кезден бастап үш жыл бойы жарамды болмақ.

Екіншіден, азаматтардың адвокаттарға қатысты шағымдары ескерусіз қалмайды. Бұрынғы жүйе бойынша шағым аумақтық адвокаттар алқасына жүктеліп, олар тәртіптік шарамен ғана шектелуші еді. Енді тұрғындардан түскен арыз дереу Республикалық адвокаттар алқасына жолданады. Нәтижесінде, тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады.

Үшіншіден, «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесі енгізіледі. Мұнда статистикалық мәліметтер, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне орай бекітілген адвокаттар тізімі т.б. жарияланбақ.

Төртіншіден, «pro bono – қоғам игілігі үшін» деген тәжірибе енгізіледі. Тиісінше, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тегін заңгерлік қызмет көрсетіледі. Оны алу құқығына өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1 және 2 топ мүгедектері, зейнеткерлер ие болады. Бұрынғы Заң бойынша адвокаттар бұл санаттағы адамдарға тегін қызмет көрсеткенімен, қаржысы мемлекет есебінен аударылатын. Енді тегін заңдылық көмек өтеусіз негізде жүргізіледі.

Міне, қабылданған жаңа заңның негізгі принциптері осындай. Мақсат – халықты қолжетімді және сапалы заң көмегімен қамтамасыз етіп, еліміздегі адвокатура институтын дамыту болып табылады.


Айдос Қарабала

Сурет express-k.kz сайтынан алынған

Тегтер: адвокат жаңа заң Еадвокатура